Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жаңа мыңжылдық қарсаңында

Жаңа мыңжылдық қарсаңында

1999 жыл үлкен оқиғамен басталды: 10 қаңтарда елімізде Президент сайлауы өтті. Сайлауға төрт үміткер қатысты: Нұрсұлтан Назарбаев, Серікболсын Әбділдин, Ғани Қасымов және Энгельс Ғаббасов. Сайлауға қатысушылардың 81,71 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, ол қайтадан ел Президенті болып сайланды.

Осы жыл елімізде — Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы болып жарияланды. Ғасырлар тоғысында ұрпақтардың бірлігі мен сабақтастығына осылай көңіл бөлудің мән-маңызы зор еді: бұл арқылы халықтың тарихи жадын қалпына келтіру, жастар арасында ата-бабалар өсиетіне, аға ұрпақтың арман-мұратына адалдықты насихаттау көзделді. Ал бұл, ең алдымен, тәуелсіздікті нығайта түсу үшін қажет еді. Осы жыл аясында көптеген ғылыми конференциялар, ХХ ғасырдағы ірі оқиғалар куәгерлері — аға буын өкілдерімен кездесулер, түрлі мәдени, танымдық шаралар көптеп ұйымдастырылды. Мысалы, осы жылы түркі халықтарына ортақ көне эпос — «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығы атап өтілді; Мұстафа Шоқай шығармаларының екі томдығы басып шығарылды, т.б.

Осы жылы елімізде тәуелсіздік тұсындағы ең алғашқы халық санағы өтті. Санақ ақпан айының 25-і мен наурыз айының 10-ы аралығында ұйымдастырылды. КСРО ыдырар тұста, яғни он жыл бұрын өткен халық санағы бойынша Қазақстанда жалпы тұрғындардың саны 16,2 миллион болса, бұл жолғы санақта елімізде 14 миллион 652,7 мың тұрғын бары анықталды. Солардың арасында қазақтың үлесі 53,4 пайыз болды. Бұл 1989 жылғы көрсеткіштен (40,1 пайыз) едәуір жоғары еді. Қазақстанда жергілікті ұлт үлесінің халықтың жартысынан астамын құрауы 1926 жылғы санақтан (қазақтардың үлесі 58,8 пайыз болған) кейін тұңғыш рет тіркелді.

1999 жылғы санақ бойынша біздің облыста тұрғындар саны 690 мың болды. Егер 1989 жылы облыста барлық халықтың 55,6 пайызы қазақ болса, 1999 жылы бұл көрсеткіш 70 пайызға жуықтады. Әсіресе, Ақтөбе қаласы едәуір қазақыланды: 1989 жылы қазақтардың үлесі 32,7 пайыз болса, 1999 жылы 53 пайызға жетті.

Дін мен діл

Осы жылы облыс халқы Ақтөбенің 130 жылдық мерейтойын атап өтті. Жазушы Ғалым Ахмедов қаланың мерейтойына орай «Ақтөбе» газетіне шыққан мақаласында: «Ақтөбе қаласы 1869 жылы әскери бекініс болып орналасқан, міне, оған биыл 130 жыл. 1902 жылы Ташкент теміржолында 300 шақырым рельс төселген. Ақтөбеге алғашқы пойыз сол жылы 14 (27) тамызда келіпті. Қала халқы он мыңдай екен. Бала кезімде көргенімде екі төбенің басында да айнала кең қазылған ор, әр жерде адам сүйектері шығып жатушы еді. Қаланың бұрынғы городской головасы Моченский Ақтөбе архивіндегі естелігінде бұл жерде Қарасай, Қазидың моласы болған деп жазыпты. Бұл жайында Марғұлан ағадан сұрағанымда, ол кісі әлгі адамдардың сүйегі Қобаң жағында деген еді», — дейді.

Осы мерейтойдың қарсаңында қала атауының орыс тіліндегі транскрипциясына өзгерту енгізілді, яғни орыс тіліндегі атаудың өзі «қазақыланды». Атап айтқанда, Қазақстан Президентінің 11 наурыздағы Жарлығымен «Актюбинск» атауы «Актобе» болып өзгертілді.

130 жылдық мерейтойы атап өтілген жылы қалада әлеуметтік және өндірістік бағыттағы 179 жаңа нысан ашылғаны деректе қалыпты. Соның ішінде «Нұрдәулет» мешітінің ашылуын қала халқы үлкен қуанышпен қарсы алды. Кеңес заманында Ақтөбе жеріндегі барлық дерлік мешіттер қиратылды, аман қалған аз мешіт айдалада қаңырап бос тұрды, ал елді мекендер ішіндегі бірен-саран көне мешіттердің ғимараты шаруашылық мақсаттарға пайдаланылды. Сондықтан үлкен шаһардың қақ ортасында бой көтерген зәулім мешітті халық ата-бабасы ұстанған діннің ордасы ретінде ғана емес, сол көне мешіттердің өтеуі ретінде де қабылдады. Мешіттің азан шақыратын мұнарасының биіктігі — 50 метр, ал жалпы ауданы 2000 шаршы метр еді. Мешітті айнала 9 күмбез орнатылған. Бұл Орталық Азиядағы сол кездегі үлкен мешіттердің бірі еді.

Мешіт құрылысын сол тұстағы облыс әкімі Аслан Мусин тікелей өз бақылауында ұстады. Құрылысты жүргізуге «Ақтөберентген», «Транс-Марс», «Көктас», «Феррохром»  «Ақтурбо» және «Ақтөбеэнерго» акционерлік қоғамдары, облыстық телекоммуникация мекемесі, «Қоныс» фирмасы, басқа да ірілі-ұсақты ақтөбелік кәсіпорындар қаржылай қолдау көрсетті.

Жаңа мешіттің жанынан Нұрпейіс Байғаниннің ескерткіші де ашылды. Жыр — ұлт ділінің ең асыл қазыналарының бірі болса, ал қазақ жырының алыбы Нұрпейіс Байғанин Ақтөбеде біраз жыл ғұмыр кешті, оның қабірі де осы қаланың аумағында екені белгілі.

Ғасырдан астам уақыт отарлаушылардың бекінісі, жаттың қаласы болған Ақтөбеге, осылайша 1999 жылы байырғы жұрттың ділі мен діні қайта енген еді.

Құдайберген Жұбанов тағылымы

Осы жылы облыс жұртшылығы қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың 100 жылдық мерейтойын да лайықты атап өтті.

Қ.Жұбанов атындағы университет пен атқарушы биліктің бірлесе ұйымдастыруымен Ақтөбеде және аудандарда «Жұбанов оқулары» күндері, халықаралық экслибрис пен графика көрмесі, салтанатты жиындар, басқа да шаралар өтті. «Жұбанов оқуларына» С.Қасқабасов, М.Серғалиев, Т.Хасанов, т.б. белгілі ғалымдар шақырылса, халықаралық экслибрис пен графика көрмесіне Италия, Польша, Венгрия секілді елдерден суретшілер қатысты. Жыл бойы облыстық газеттерде Қ.Жұбанов мұрасын зерттеуге арналған мақалалар жарық көрді.

Мысалы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Рабиға Сыздық «Ақтөбе» газетіне шыққан «Тұңғыш» атты мақаласында: «Мені қатты таңғалдыратыны — Құдайберген Жұбановтың түркі тілдеріндегі синтаксистік тәртіптердің даму стадиясын шолуы. Анықтауыш сөздер мен анықталушы сөздердің осы күнгі орын тәртіптері тіл дамуының бір дәуірінде керісінше болғанын қазақ тілінің бірнеше фактілерімен дәлелдейді. Ғалым бұл сапалық өзгерісті түркі тілдерінің аморфты-синтетикалық құрылысты стадиясынан агглютинативтік құрылысқа көшу дәуірінде пайда болған ірі оқиға деп топшылайды. Зерттеушінің бұлайша тереңге, мыңдаған жылдардан арғы тіл тарихына құлаш ұрғанына таңырқай да, қызыға қараймын. Жұбанов мұрасынан іздей түссек, бірқатар жол сілтеуші, бағдарлаушы идеяларды табуға болады», — деп жазды.

Жыл бойы үздіксіз жарық көрген осындай мақалаларға зер сала отырып, Қ.Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы тұсында қазақ ғалымдарының оның мұрасына тереңірек үңілгенін, ғалымды әр қырынан зерттеп, ізденгендерін байқаймыз.

«Екі адамға — бір қой…»

Халықтың әлеуметтік жағдайына, шаруаның жайына келсек, бұл — өтпелі кезең қиындықтарының әлі де толық еңсерілмеген кезі еді. Мысалы, қыркүйек айының зейнетақысын желтоқсан айының 10-ына дейін төлеу жоспарланған. Жыл соңына дейін, мүмкіндігінше, қазан және қараша айларының зейнетақысын беру де қарастырылған. Облыс әкімі 2000 жылдың 1 мамырына дейін барлық төлемдер бойынша қарыздарды жоюды көздепті. Осының өзі ТМД-дағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі ретінде айтылыпты.

Жалпы, облыс бойынша ай сайын зейнетақы төлеуге 470 миллион теңге қаржы керек болған.

Кеңестік заманның соңғы жылдарындағы бартерлік айырбас, одан кейінгі мал басын көбейтудің тиімсіздігі туралы әңгімелер, т.б. себептермен Қазақстанда мал басы күрт кемігені белгілі. «Журналистке хат» айдарымен «Ақтөбе» газетінің журналисі Төлеміс Меңдіғалиға арнаған жауабында кәсіпкер Қуандық Әлішев: «Иә, рас, мал басы азайды. Ол туралы өзің нақты деректер келтірген екенсің… Қазақстанда 8,9 миллион қой қалды деген сөз, республикадағы барлық халыққа шаққанда (15 миллиондай халық бар дейді), екі адамға бір қойдан келеді дегенді білдіреді. Ал тоқсаныншы жылдардың басында керісінше болып еді. Сондықтан Төлеміс, баяғыдай іссапарға шыққанда, кез келген ауылдан бас мүжимін екен деп енді мұрның қыши бермесін», — дейді. Дегенмен, осы мақаладан соңғы жылдары облыста мал басының тірнектеп те болса көбейгені байқалады: «Бұрнағы жылмен салыстырғанда қой 4900-ге, мүйізді ірі қара 6917-ге өсіпті. Осындай қарқынмен жүре берсек, сонау жылдардағы көрсеткіштерге қашан жетеміз, оны өзің есептей бер»…

Халық үшін жылт еткен бір жақсы хабар — табиғи газ бағасының арзандауы. Бұған дейін облыс тұтынылған газ үшін 16 миллион АҚШ доллары көлемінде қарыз болған, соның 7 миллионы өтеліпті. Әр адамға есептегенде құны 78 теңгеден болған газ мөлшері енді — 64 теңгеге, ал әр шаршы метр үшін төленетін газ 18 пайызға арзандаған. Бұл жеңілдік 1999 жылдың 1 қазанынан бастап енгізілген.

Ал Хромтау ауданындағы Дөң тау-кен байыту комбинатында «Центральная» шахтасы ашылды. Бұл үшін 180 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы игерілген. Сөйтіп, шахтаның қуаты жылына 100 мың тонна болатын бірінші кезегі іске қосылған. 1999 жылдың тамыз айында өткен шахтаның ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан.

 

Тарих беттерін парақтаған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

/aqtobegazeti.kz/