Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа жүйенің берері көп

Жаңа жүйенің берері көп

Өңірге іс-сапармен келген ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова Жұбанов университетінің басшылығымен кездесіп, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстарына оң баға берді.

Кездесуде Тамара Дүйсенова ақпараттық жүйенің енгізудің өзектігілі мен маңыздылығын, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің жұмысын кеңінен түсіндірді.

Президент 2020 жылдың 29 маусымында қол қойған ҚР Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Концепциясының іргелі нормативтік құжаты. Қоғамдық әлеуметтік белсенділікті ескерсек, бұл құжаттың маңыздылығын түсінуге болады. Халықтың арыз-өтініші «е-Өтініш» базасына еніп, оның орындалу барысы осында жинақталады. Енді мемлекеттік орган өтінішті қараған кезде басқа органдар тарапынан қандай шешімдер қабылданғанын көре алады. Барлық ақпарат сол жерде жинақталады. Басты ұстаным – азаматтар өтінішіне сапалы жауап беру, — деді Тамара Дүйсенова.

Жұбанов университетінде аталған жүйе енгізіліп, дамытылуда. Өтініш беруші «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын қадағалай алады. Және дәлелдер келтіріп, оларды зерделеуге қатысып, түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну құқығына ие болады.

Жұмыс сапары барысында Тамара Босымбекқызы университеттің ситуациялық орталығында болып, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету және құжаттандыру орталығының жұмысымен танысты.

Айта кету керек, Жұбанов университетінің қызметін цифрландыру және интеграциялау мақсатында «Smart Zhubanov University» бағдарламасы жұмыс жасайды.

Бүгінде «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету және құжаттандыру орталығы, Ситуациялық орталық, «ИРБИС» электронды кітапханасы, science.arsu.kz, science.s.arsu.kz, rating.prepod.arsu.kz мәліметтер базалары және т.б. құралған ақпараттық-аналитикалық жүйе және виртуалды мұражай университеттің smart-ортасын құрайды.

Автоматтандырылған кітапхана, виртуалды білім беру ортасы, онлайн медиаресурстар, цифрландыру бағытындағы жаңа білім бағдарламаларының ашылуы, оннан астам IT-кабинеттердің жасақталуы – соның айғағы. Оқу ордасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оқу жүйесінің сапасын жақсартуға бағытталған Ситуациялық орталық университет нысандарын бақылап, ақпаратпен таныстырып отыратын коммуникация және интерактивті құрылғылар арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуды жүзеге асырады.

Сондай-ақ, «Темірқазық» «бір терезе» қағидасы бойынша әкімшілік, оқу-ағартушылық және кеңес беру қызметтерін көрсетеді. Пайдаланушылардың көрсетілетін қызмет түрлерін оңтайландыру бойынша «eARSU» және «e.arsubot» телеграм-бот мобильдік қосымшалары арқылы онлайн кеңес алып, тапсырыс беруге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар орталықта ашылған «еGOV» порталының мемлекеттік қызметтерді алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы 300-ден аса қызметті онлайн режимде ала алады.

Smart-технологияларды енгізу бағытында барлық білім алушылар, профессор-оқытушылар мен қызметкерлер және ата-аналарға арналған Smart ARSU мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл жүйе пайдаланушыларына оқу процесінің, кітапхана қорының, емхананың ақпараттық және интерактивтік сервистерінің ыңғайлы қызметімен қамтамасыз етеді.