Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Облысқа жаңа кодексті түсіндіретін жұмыс тобы келді

Облысқа жаңа кодексті түсіндіретін жұмыс тобы келді

Кеше облысқа жұмыс сапарымен ҚР Президенті көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова бастаған арнайы жұмыс тобы келді.

Жұмыс сапарының мақсаты — биыл 1 шілдеде күшіне енетін жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс пен «е-Өтініш» электронды ақпараттық жүйесінің артықшылығын түсіндіру.

Сапар облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиыннан басталды. Жиналысқа аумақтық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сонымен қатар аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ​азаматтардың өтініштерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

— Тұжырымдаманы жүзеге асыру аясында Ақтөбе облысында жергілікті атқарушы органдар 2,5 мыңдай қызметкерге «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің жұмысын үйретті. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында облыста 16 фронт-кеңсе жұмыстарын бастады, — деді О.Оразалин.

ҚР Президенті көмекшісі Тамара Дүйсенова жиында ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі жайында жан-жақты айтып берді.

— Жаңа кодекс — Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының базалық нормативті құжаты.  Кодекс мемлекеттік органдардың өтініш берушілермен жұмыс парадигмасын түбегейлі ауыстыруды көздейді. Атап айтқанда, өтініш беруші өз өтінішінің қаралу барысын «е-Өтініш» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы бақылап отыру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар ол дәлелдерді ұсынып, олардың зерттелуіне қатысуына болады және түсіндіріп, қажет құжаттарды көрсете алады, — деді Т.Дүйсенова.

Жұмыс тобы аталған мәселе бойынша Ақтөбе қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен де кездесті. Сондай-ақ жұмыс тобы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде болып, студенттерге қызмет көрсету орталығын қарады.

Түстен кейін Тамара Дүйсенова бастаған жұмыс тобы Қарғалы ауданына барып, Петропавловка, Бадамша ауылдарында ауылдық округ әкімдерімен және жұртшылықпен кездесті.

​Топ мүшелері екі ауылдағы «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі мен Петропавловка, Қосестек ауылдарындағы «Сервистік әкімдіктің» жұмысымен танысты.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

/aqtobegazeti.kz/