Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Колледждерге түсу тәртібі өзгертілді

Колледждерге түсу тәртібі өзгертілді

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдердің жалақысы 40%-ға өсті. 2025 жылға қарай педагогтердің еңбекақысы тағы екі есеге артады. Осы мақсатта алдағы үш жыл ішінде қосымша 1,2 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен халыққа есеп беру кездесуінде айтты.

Министрдің мәлімдеуінше, мұғалімдер сынып жетекшілігі, дәптер тексергені, педагогикалық шеберлігі, магистр дәрежесі және тәлімгерлігі үшін қосымша ақы алады. Бұған қоса «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары 1000 АЕК көле­мінде сыйақы алады. Тиісті мара­паттар өңірлік деңгейде де қарас­тырылған.

– Қолданыстағы заң мұға­лім­дерді шамадан тыс есеп беруден және оларға тән емес функция­ларды орындаудан босат­ты. Барлық педагог қызмет­кер­лердің еңбек демалысы 56 күнге дейін ұзартылды. Бұрын мек­тепке дейінгі ұйымдардың тәр­биешілерінің лауазымдық жалақысы мен демалысы мектеп мұғалімдеріне қарағанда, әлдеқайда аз болатын. Енді тепе-теңдікті сақтау үшін балабақша тәрбиешілерінің лауазымдық жалақысы 30%-дан 50%-ға дейін өсті. Бұл тәрбиеші мамандығының тартымдылығын арттырады, – деді министр А.Аймағамбетов.

Осыдан соң ведомство басшысы 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту мәселесінің қалай шешілетініне тоқталды.

– 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 98,7 %-ды құрайды. Nur Otan партиясының сайлауалды бағ­дарламасы аясында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 95%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен жә­не оқытумен қамтамасыз еті­леді. Бұл ретте әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қол­дауға ерекше көңіл бөлінген. Ал­дағы оқу жылында «Ойын арқы­лы оқыту» қағидаты бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізіледі. «Балаларды ерте жастан дамыту институты» құрылады. 2020 жы­лы мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі құрылысы мен тетігі есебінен мектепке дейінгі ұйымдар желісі 500 бірлікке көбейеді. Жеке­меншік балабақшаларды дамы­ту да ваучерлік қаржылан­ды­руды енгізу есебінен ынталан­ды­рылады. Әр баланы жан басына қаржыландыру нормативі 31 мың­нан 40 мың теңгеге дейін ұлғай­тылады, – деді А.Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектеп кітапханалары көркем әдебиетпен, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттердің ең жақсы үлгілерімен қамтамасыз етіледі. «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

– Министрлік мектеп оқу­лы­қ­тарының сапасына қойылатын талаптарды күшейтті. Оқулықтарды сараптауды тәуелсіз мамандар жүргізеді. Сондай-ақ оқулықтар мен баспалар авторларының жа­уап­кершілігі артты. Енді сатып алын­ған оқулықтарда қателер анықталған жағдайда баспалар барлық шығынды өз қаражатынан өтейді.

Жаңартылған мазмұнға көшу толығымен аяқталды. Алда­ғы 2021-2022 оқу жылына ар­нал­ған білім беру мазмұны­ның моделі қайта қаралды. Оқу бағ­дарламалары білім алуда­ғы олқы­лықтарды толтыру қа­­жет­тілі­гін ескере отырып бейім­­де­леді. Оқыту тәсілдері мен әдіс­тері өзгертіліп, педагогтер­ді қол­дау барысында әдісте­мелік қыз­мет­тердің рөлі күшей­тілді. Педа­гогтердің цифрлы дағ­ды­ларын дамытуға, технологиялық әлеует­терді күшейтуге ерекше көңіл бө­лінеді, деді ведомство басшысы.

Жоғары білім алуға тағайын­далатын мемлекеттік грант университеттерге емес, жеке тұлғаға, яғни иегерге беріледі. Ол өзі қалаған оқу орнына барады. Осы жүйе енді колледждерге де енгізілмек. Осы өзгеріс жөнінде А.Аймағамбетов халыққа есеп беру кездесуінде:

– Колледждерге түсу кезінде қабылдау емтихандары болмайды, мұндай жүйені былтыр тоқтаттық. Конкурс орташа балл бойынша автоматтандырылған режімде өткізіледі. Колледждерге қабылдау «Ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты шеңберінде, яғни талапкердің таңдауы бо­йынша жүргізіледі. Енді мектеп түлектері бір ғана емес, бірнеше мамандық пен колледжді таңдай алады, – деді.

Ал жоғары оқу орындарына бөлінетін грант саны артпақ. Келесі оқу жылына бакалавриат бағдарламасы бойынша 51 561 грант бөлінді, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша. Сонымен қатар Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы шең­берінде тағы 5000 грант бөлу қарас­тырылған. Бакалавриат бағдар­ламасы бойынша гранттар­дың жалпы саны 56 561 грантты құрай­ды, магистратура бойынша – 13 263, докторантура –

1 890. Кадр­лар даярлауға арналған гранттар қажетті бағыттар бойынша бөлінеді.

Айтпақшы, жыл сайын жас ғалымдарға 1000 грант бөлінеді. Ал 500 қазақстандық ғалым «Болашақ» бағдарламасы аясында танымал әлемдік ғылыми орталықтарға тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

Есеп беру барысында спикер журналистердің сауалдарына да жауап берді. Соның бірі – отандық вакцина туралы ғылыми мақаланың жариялану жайы. Жалпы, ғылым саласында қандай да бір өнімді немесе ғылыми-зерттеуді рецензия­сы бар, халықаралық беделді жур­налда жариялау, әлемдік деңгей­дегі сарапшылардың рецензия­сы арқылы мойындатуға, тиім­ділігі мен артықшылығына көз жеткізуге болады. QazVac вакцинасын клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер жөніндегі ғылыми мақала біраз бұрын ха­лықаралық журналға жіберілсе де әлі жарыққа шықпады.

– Халықаралық базаға енген, рецензияланған журнал елімізде де бар, оған бір-ақ күннің ішінде жариялай аламыз. Бірақ біз әлемдік деңгейдегі сарапшылардың рецензиясын алып, рейтингі жоғары халықаралық журналға басуды көздеп отырмыз. Ең бастысы – материал жазылды, бірнеше ай бұрын жолданып қойды. Қазірдің өзінде сарапшылар қорытынды рецензиясын беріп жатыр. Алдағы уақытта көптен күткен ғылыми мақала жарыққа шығып қалады деп үміттенеміз, – деді ведомство басшысы.

 

/egemen.kz/