Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бағдарламалардың таныстырылымы өтті

Бағдарламалардың таныстырылымы өтті

Студенттер сарайында Халықаралық ынтымақтастық орталығының ұйымдастыруымен ақпараттық таныстырылым өткізілді. Іс-шараға университет білім алушылары мен оқытушылары қатысып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Қазақстанның және шет елдердің жоғары оқу орындары жайында және оқуға бару мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.

Қазіргі таңда университетіміз академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарымен, халықаралық ұйымдармен, 100-ге жуық орталықтармен әріптестік орнатты.

Оның ішінде «Мевлана» академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде Түркия Республикасының,     «Эразмус +» бағдарламасы бойынша Еуропаның,  «Ханьбань» бағдарламасы бойынша Қытайдың алдыңғы қатарлы университеттерімен өзара ынтымақтастық орнатылды. Таныстырылымда арнайы халықаралық ынтымақтастық орталығының мамандары ынтымақтастық орнатқан жоғары оқу орындарында, тілдік тағылымдамадан, бакалавриат, магистратура бағдарламалары бойынша білім алу жолдары, қабылдау талаптарын түсіндірді.

Университет жанындағы Конфуций институты, жаңадан ашылған корей тілі орталығы ұсынған тілдік бағдарламалар таныстырылды. Корей тілі орталығының директоры Сон Ши Мон, Оңтүстік Кореяның серіктес жоғары оқу орны Тоңмён университет туралы баяндап, қос дипломды білім алудың мүмкіндіктеріне тоқталды.  Университеттегі  электронды оқыту бөлімінің басшысы Сейлханов Әнес Әмірханұлы «Rosetta Stone» шетел тілдерін онлайн оқыту бағдарламасы туралы ақпарат берді.

Аталмыш шараға университеттің барлық факультеттерінен 500-ге жуық студент қатысты. Таныстырылым соңында шетел тілдерін үйреніп, шетелдің жоғары оқу орындарында  білім алғысы келетін студенттер тіркелу парақшаларын толтырып, халықаралық ынтымақтастық орталығының мамандарынан  кеңес алды.