Среда, Апрель 17, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өртке қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті

Өртке қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті

Тілсіз жаудың алдын алған жөн.  Бүгін Жұбанов университетінің Мұхтар Арын атындағы бас ғимаратында өрт қауіпсіздігіне байланысты оқу-жаттығу дабылы өткізілді. Мұнда құтқарушылар жедел қимылдап, апаттың алдын алуға қабілетті екендіктерін көрсетті.

Басты мақсат  — жеке құрамының өртті сөндіру кезіндегі тәжірибелік дағдыларын машықтау және тілсіз жаудың алдын алу болып табылады.

Ғимараттағы қызметкерлер мен келушілер дабыл қосылғаннан кейін жылдам сыртқа шықты. Бұл олардың өрт болған жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтағандарын білдіреді. Олардың барлығы  ғимараттың арнайы жиналатын орнында сапқа тұрғызылды. Осы оқу- жаттығу дабылына байланысты келген комиссия мүшелері мен нұсқаушы мамандар  арнайы өрт қауіпсіздігі бойынша ережелермен таныстырды.

Алдын ала әзірленген бағдарлама бойынша университеттің кітапханасында тұтанған өртті сөндіруге арналған жедел әрекет жасалды. Атап айтқанда, төтенше жағдай қызметінің жеке құрамы арнайы көліктерімен шарпыған жалын ортасына жетіп, оны ауыздықтауға кірісті. Нәтижесінде өрт дер кезінде сөндіріліп, оқу ордасының кітапханасы  тілсіз жаудан аман қалды. Оқу жаттығу жиынына  төтенше жағдайлар басқармасының жеке құрамынан 48 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, шарада 2 өрт сөндіру көлігі  мен басқа да техникалар пайдаланылды.

Айта кетейік, университет  ғимараты  өрт болған жағдайда арнайы  шығу есіктеріне бағыттайтын нұсқау белгілерімен  және арнайы дабыл жүйелері мен өрт сөндіру құрылғыларымен қамтамасыз етілген.

Адам көп шоғырланатын орындарда және осындай нысандарда оқу-жаттығу шараларының өтуі міндет. Себебі, оқыс жағдай туындай қалғанда дереу қандай әрекетке көшу керектігінен хабардар болады. Апат айтып келмейді. Сондықтан, сақтық таныту- қауіпсіздікті күшейтумен тең, — дейді төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері.