Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Бүгін – мемлекеттік қызметші күні

Бүгін – мемлекеттік қызметші күні

2014 жылдан бері 23 маусым елімізде мемлекеттік қызметші күні ретінде атап өтіліп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл атаулы күннің тарихы ХХІ ғасырдан бастау алады. 2003 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдаған болатын.

Араға 10 жыл салып, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2013 жылы 23 маусым бізде де мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді.

2014 жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер күні атап өтіле бастады.

2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 96 910. Оның ішінде саяси қызметшілерге – 739, «А» корпусына – 91, «Б» корпусына – 96 080 штат қарастырылған. Бұл шамамен әрбір 196 тұрғынға 1 мемлекеттік қызметшіден келеді деген сөз.

Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы 2020 жылға арналған ұлттық баяндамада» айтылған.

Былтыр мемлекеттік қызметшілердің штат саны біраз азайтылды. Жекелеген мемлекеттік органдардың құрылымын қайта ұйымдастыру және оңтайландыру есебінен штат саны 493 бірлікке кеміген болатын.

Нақтырақ айтсақ, «Б» корпусының лауазымдары 524 бірлікке қысқарса, саяси лауазымдар мен «А» корпусының лауазымдары тиісінше 24 және 7-ге ұлғайған.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми ақпараты бойынша, елдегі мемлекеттік қызметкерлерді нақты саны қарастырылған штат санынан кем.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр министрліктердің бірінші басшыларының жауапкершілігін арттыру мүшін жауапты хатшылар институты таратуды тапсырған болатын.

Осылайша мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 2019 жылмен салыстырғанда 89 005-тен 88 409-ға дейін қысқарды.

2021 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар штат санының лимиттерін 25%-ға оңтайландыру керек болған.

Еңбек кодексі бойынша жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар аналар, жалғызбасты аналар, балаларды анасыз тәрбиелеп отырған адамдар, сондай-ақ зейнетке шыққанға дейін екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерлер қысқартуға жатпайды.

Сондай-ақ, «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңда қызмет өтілі үш жылдан кем емес адам қысқартылған жағдайда төрт жалақы мөлшерінде жәрдемақы төлеу көзделген.

Агенттіктің мәліметін сенсек, штат санын 25%-ға азайту жоспары қазірдің өзінде орындалып қойған.

Ол үшін бірінші кезекте мемлекеттік органдардың бос жұмыс орындарын (8 501 бірлік) оңтайландыру қолға алынса керек.

«Агенттіктің орталық аппараты мен аумақтық бөлімшелерінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, қызметшілердің нақты санын 25 %-ға қысқарту аяқталды. Орталық мемлекеттік органдардың штат саны 51 227 бірлікті (нақты – 46 529), жергілікті мемлекеттік органдардың штат саны – 45 683 бірлікті (нақты – 41 880) құрады», — деп жазылған ұлттық баяндамада.

Бір қызығы өңірлер арасында мемлекет қызметшілеріне бөлінген штат саны әртүрлі.

Осыны ескеріп, болашақта штат бөлу мәселесін өңірдегі тұрғын санына байланысты қайта қарау жоспарланған.

Өйткені халқы тығыз қоныстанған аймақтарда бір мемлекеттік қызметшіге келетін халықтың саны тұрғыны аз өңірлерден екі есе көп. Яғни, жүктеме де екі есе жоғары деген сөз.

Ал сол үшін алатын еңбекақысы өңірдегі күнкөріс деңгейіне қарай есептеледі.

Мысалы аталмыш көрсеткіш Түркістан облысында – 494, Алматы облысында – 489, Жамбыл облысында – 405 болса, Павлодар облысында – 252, Қостанай облысында – 231, СҚО-да – 190.

Елдегі мемлекеттік қызметшілердің 92%-ында жоғары білім бар. Қалған 8%-ы орта және орта кәсіптік білім алған. Оның шамамен 3 мыңы — шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері.

Әсіресе «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерінің саны соңғы 4 жылда 14%, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің саны 13% өскен.

Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 39. Нақты айтсақ, 30 жасқа дейін – 21,6%, 30 – дан 40 жасқа дейін – 34,7%, 40 – тан 50 жасқа дейін – 23%, 50 жастан жоғары – 20,7%.

Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55-56% жеткен. Алайда, басшылық лауазымдарда олардың үлесі 40%-ға жаңа жетіп отыр.

Биыл шілде айынан бастап мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің факторлық-балдық шкаласын енгізу жоспарланған.

2020 жылы пилоттық кезең аясында қызметтің тиімділігін бағалаудан 54 394 қызметші өткен. Оның 32,2% «өте жақсы» (17 536) деп бағаланса, 61,7% «тиімді» (33 571) деп танылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында «сервистік» мемлекеттік аппарат құруды тапсырған болатын.

Әзірге бұл міндетті «Ашық үкімет» порталы атқарып отыр. 2020 жылы «Ашық Үкімет» порталы арқылы азаматтарға 41 мыңнан астам түсініктеме берілген.

Бұл — 2019 жылдың көрсеткішінен үш есе жоғары.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматқа ауыстырылған.

2020 жылы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзу мәселелері бойынша 743 тексеру жүргізіліп, 15 мыңнан астам заң бұзу фактісі анықталды.

360 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 190 әкімшілік іс қозғалған. Оның қорытындысы бойынша 188 тұлға әкімшілік жазаға тартылған.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаевтың айтуынша, мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне корпоративтік сектордың оң тәжірибесі енгізілмек.

Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қызметкерлерді жеке және квазимемлекеттік секторда, халықаралық ұйымдарда тағлымдамадан өткізу жоспарланып отыр.

Ал өз жұмысында тың бастамалар көтеріп, жұмысты тиімді ұйымдастыру бойынша ұтымды ұсыныстар айтқан қызметшілерді көтермелеудің тетіктері пайда болмақ.

«Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» қамтылған. «Корпоративтік сектордың оң тәжірибесін табысты енгізу мақсатында мемлекеттік қызметшілердің квазимемлекеттік, жеке және халықаралық ұйымдарда тағылымдамадан өтуі жоспарлануда. Мемлекеттік қызметшілердің білімі мен дағдыларын үздіксіз арттыру қамтамасыз етіледі. Бастамалар мен рационализаторлық ұсыныстарды көтермелеу тетіктері енгізіледі. Бұл мемлекеттік қызметте корпоративтік мәдениетті жақсартуға мүмкіндік береді», — деді агенттік төрағасының орынбасары.

/www.inform.kz/