Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғалымның мерейтойына арналды

Ғалымның мерейтойына арналды

Жұбанов университетінде «Математикалық білім берудегі инновациялық  технологиялар» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өткізілді.

Ғылыми шара «Математика» кафедрасының профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының және Қазақстан Республикасы педагогикасы ғылымдар академиясының академигі Жеткербай Қайдасовтың  70 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Салтанатты шараны университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров құттықтау сөзімен ашып берді. Өз кезегінде басқарма төрағасы  мерейтой иесінің иығына қазақы шапан жауып,  құрмет көрсетті. Мерейтойға арнайы қатысқан Jýsan Bank өкілдері құттықтауларын жеткізіп, сый-сыяпаттарын табыстады.

Айтулы шарада мерейтой иесі мамандарды дайындаудағы көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін А.Байтұрсынов атындағы Күміс төсбелгіге ие болды.

Айта кетейік, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығы тағайындаған Ахмет Байтұрсынов атындағы орден және медальмен негізінен еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі жаңа буын мамандарын даярлаудағы жаңашыл идеялары мен инновациялық ұстанымдары үшін тұлғалар мен ұйымдар марапатталады. Марапаттауға жоғары оқу орындары, жоғары оқу орындарының ректорлары, жоғары оқу орындарының ғылыми кеңесі ұсына алады. Бұл туралы шешім ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығы Басқармасының отырысында қаралып лайықтылар арнайы шешіммен жылына бір рет марапатталады.

Мұнан соң университеттің Стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры Алтыншаш Бекбауова өзінің  ізгі тілегін білдіріп, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаевтың құттықтау хатын табыстады.

Жиында физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Асқарбек Иманчиев  ғылыми-ұстаздық өмір жолы туралы баяндама жасап, ғалымның тұлғалық бейнесіне, ғалымдық деңгейі мен адамгершілік қасиетіне тоқталды.

Ғылыми семинар қазақ және орыс тілінде жүргізілді.  Мерейтойлық шарада Ресейдің және Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Атырау қалаларының  белді ғалымдары  өз ғылыми зерттеулерінің жаңа нәтижелері туралы  баяндап,  математикалық білім берудің өзекті мәселелерін талқылады.

Ғалымның көпжылғы еңбектері ғылыми семинарға арқау болды.  Сондай-ақ, жиынға мерейтой иесінің үзеңгілес әріптестері мен  шәкірттері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысып, жүрекжарды лебіздерін арнады.

Жеткербай Қайдасов — 1951 жылы 29 маусымда  Байғанин ауданында Көлтабан ауыл Советіне қарасты Қызылтаң елді мекенінде дүниеге келген. Бастауыш мектепті Қызылтаң елді мекенінде,  7-8 сыныптарды Жарлы сегіз жылдық мектебінде, орта мектепті  Ноғайтыда Сағыз орта мектебінде бітірген. 1969-1973 жылдары Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының Математика факультетін бітірді.

Институтты бітірген соң, Арқалықтағы, Торғайдағы мектепте «Математика» пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Кейін 1975 жылы Аркалық педагогикалық институтында   оқытушы (1975-1978 жж.), аға оқытушы (1978-­1980 жж, 1984-1988 жж.), доцент (1988-2000 жж.), физика-математика факультетінің деканның орынбасары (1989-1992 жж.), сырттай оқыту факультетінің деканы (1992-2000 ж.), қызметтерін атқарды. 2001-2003 жылдар аралығында Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында аға ғылыми қызметкер, 2004-2007 жылдары кафедра профессоры, сырттай оқыту факультетінің деканы, 2007-2009 жылдары  Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ технология және бизнес университетінде доцент, 2009-2011 жылдары Фридом Финанс Академиясында оқытушы болып жұмыс жасады.

Жұбанов университетінде   2000-2004 жылдары доцент, кафедра профессоры болып қызметін атқарды. 2011-2014 жылдар аралығында университеттің «Фундаментальдық және қолданбалы математика»  кафедрасының меңгерушісі, 2016 жылдан бастап «Математика»  кафедрасының профессоры болып қызмет етіп келеді.

Жеткербай Қайдасов маңызы ерекше ғылым геометрия саласын зерттеп, елімізде осы ғылым саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген ғалым. Осы саладағы 100-ге жуық ғылыми, ғылыми-әдістемелік және оқу-әдістемелік еңбектері «Вестник МГУ», «Математические заметки»,  «Фундаментальная и прикладная математика», «Поиск», «Қазақстан мектебі», «Математика және физика» журналдарында жарияланған.

Ж.Қайдасов өзінің жемісті еңбек жолында ұлттық және халықаралық деңгейдегі бірнеше марапаттардың иегері.  Жұбайы, педагогика ғылымдарының докторы, профессоры Әспет Кеңесбекқызымен отбасында бір ұл,  бір қыз тәрбиелеп өсірді.