Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Түлектер диплом алды

Түлектер диплом алды

Бүгін өңірдегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Жұбанов университетінің кәсіби-шығармашылық факультеті түлектері үшін ерекше күн болды.  Студенттер бірнеше жыл бойы жиған білімінің төлқұжаты іспеттес дипломдарын қолға алды.

Аталған оқу ордасы білім, ғылым, өнер саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Осы білім ұясының кәсіби-шығармашылық факультетінен түлеп ұшқан түлектер қазір сан-салада жемісті еңбек етіп жүр.

Университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров бүгінгі бітірушілердің де сол жолды абыроймен жалғайтындығына сенім білдіріп, бірқатарына қызыл диплом табыстады. Құттықтау сөзінде басқарма басшысы барлық түлектерге сәт-сапар тілеп, бүгінгі мерекенің әр студенттің жеке жеңісі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, салтанатты іс-шара барысында университеттің 2016 жылғы түлегі, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Самбо күресінен ҚР чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы, 2017 жылғы самбо  күресінен  Әлем  және Азия  чемпионы  Есет Қуанов  оқу ордасының жұмысына сәттілік тілеп, түлектерге диплом тапсырды.

Айта кетейік, аталмыш факультетті биылғы оқу жылында дизайн, музыка, бейнелеу өнері, дене шынықтыру саласының 434 маманы тәмамдап отыр.  Салтанатты диплом табыстау рәсіміне халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі білім, ғылым, мәдениет пен спорт саласындағы байқаулар мен жарыстарда ерекшеленіп, оқу үлгерімі «өте жақсы» деген үздік 56 түлек марапатталды.

Салтанатты шараға кафедра меңгерушілері, оқытушылар және түлектердің ата-аналары қатысты.

Жас мамандарға сәт сапар тілеп, жүрекжарды ақ тілектерін факультет деканы Сабыржан Мұхтаров та жеткізді. Ата-аналар атынан ұстаздар қауымына алғысын  жеткізген Бекжан Забихолланың анасы Жанаргүл Мұсабекқызы  қолдарына дипломдарын алған жас мамандарға ақ жол тіледі.

— Барлығымыз қатты толқып жүрміз. Қуанышымыз өте үлкен. 4 жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты.  Осы жылдар жа көп дүниені үйрендік. Барша ұстаздар қауымына алғыс айтамын ,- дейді Қайрат Нұржанов.

Осындай өңіріміздегі беделді оқу орнын тәмамдап, ерекше үлгідегі диплом алған түлектердің  қуанышы шексіз. Олардың алдындағы ендігі меже тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі үшін елеулі еңбек ету.

Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.  Кәсіби-шығармашылық факультетінің ұжымы  дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.