Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тіл мамандары диплом алды

Тіл мамандары диплом алды

Бүгін Жұбанов университетінің филология факультетінің түлектері диплом алды. Студенттер сарайында «Шарықта, самға, жас маман!» деген атаумен өткен салтанатты шараға университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров қатысып, университетті үздік бітірген түлектерге дипломдарын табыстады.

Салтанатты шарада ректордың міндетін атқарушы Рахым Бекназаров түлектердің одан әрі білімдерін шыңдап, қоғамның әлеуетін арттыруға  зор үлес қосатындарына сенім білдірді.

Одан әрі диплом табыстау рәсімін университеттің  филология факультетінің деканы Күлзат Садирова жалғастырып, болашақ мамандарға ақ тілегін жеткізді.

Бұдан соң салтанатты шарада кафедра  меңгерушілері  Балкенже Қарағұлова, Эльмира Идрисова,  Ботакөз Керімбаевалар болашақ жас мамандарды құттықтап, болашақта белсенді еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрінулеріне тілектестік білдірді.

Биыл филология факультетін 11 мамандық бойынша 517 түлек тәмамдады. Оның 317-сі күндізгі бөлімді аяқтаса, 200-і қашықтан оқыту бөлімнің дипломын қолға алды. Ал үздік диплом иегерлері атанған тіл мамандарының саны —142.

Тарихы 1935 жылдан басталатын филология факультеті — университеттегі іргелі факультеттердің бірі. Бүгінгі таңда бұл факультет жеке ғимарат болып бөлініп шығып, аталған ғимаратқа халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілді. Сондай-ақ факультетте Есет Жұбанов, Рабиға Сыздықова, Тобық Жармағанбетов, Өтежан Нұрғалиев, Сағи Жиенбаев атындағы конференц-залдармен қатар елге белгілі тұлғаларға арналған арнайы кабинеттер ашылды.  Сондай-ақ, факультет қабырғаларына  белгілі тұлғалардың портреттері ілініп, оларды ұлықтау рәсімдері өткізіліп келеді.

Бүгінде факультет қабырғасында білім алған түлектер еліміздің барлық салаларында табысты қызмет етіп, танымал тұлғаларға айналды. Бүгінгі таңда факультет бакалавриаттың 11 мамандығы, магистратураның 4 мамандығы және докторантураның 1 мамандығы бойынша мамандар дайындайды.

Түлектердің диплом алу кеші әрі қарай мерекелік концертпен жалғасты.