Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, Жұбанов университетінің басшылығы осы саланың үздіктерін құттықтады. Жиналған БАҚ өкілдері мерекелік көңіл-күй мен ерекеше алғыстарға ие болды. Оқу ордасының мәжіліс залында өткен мерекелік жиынға Медиа орталықтың ұжымы мен облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов, облыстық Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Алмас Елбосынов қатысты.
Басқосуды құттықтау сөзімен ашқан басқарма басшысының орынбасары Ермек Тауанов бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызын атап өтіп, алдағы қызметтеріне табыстар тіледі.
Жиында облыстың бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудағы еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін 5 қызметкерге Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова мен облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Купеновтің алғыс хаттары мен гүл шоқтары табысталды.
Мұнан соң басқарма төрағасы-университет ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров медиа саласының өкілдерін құттықтады.
— Өзімнің және университет ұжымы атынан БАҚөкілдерін кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Расында да журналистика шығармашылық өрісті ғана емес, кәсіби өршілдік пен аса терең мәдениеттілікті, жан-жақты білімділік пен ішкі тәрбиелікті қатар талап ететін мамандық. Сондықтан да осындай талғамды қоғамда қалыптастырып, айналамызға адал ақпарат жеткізуге атсалысқан, ауыр да абыройлы еңбектеріңіз үшін алғысымды жеткіземін.
Университет өмірінің әрбір жетістігін өз жетістігім деп біліп, қиындығына жүрегімен беріліп, әрбір сәтті қалт жібермеуге тырысатын медиа саласының қызметкерлерінің еңбегіне шығармашылық табыс тілеймін, — деді басқарма төрағасы.
Осы жиында кәсіби шеберлігі мен университеттің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін бірқатар медиа майталмандары ректордың Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ университеттің дәстүріне сай мереке қарсаңында ұжымға бір айлық жалақы көлемінде сыйақы берілді.
Өз кезегінде Бастауыш кәсіподақ төрайымы Ольга Сұлтанғалиева Медиа орталық қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
— Бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамға әсері айтарлықтай үлкен. Сіздердің жұмыстарыңыздың арқасында оқу орнында болып жатқан ең маңызды және қызықты жаңалықтарды біліп отырамыз.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, барлықтарыңызға шығармашылық табыс пен денсаулық тілеймін, — деді ол.
Сөз соңында Ольга Кашымқызы университеттегі Бастауыш кәсіподақ ұйымының атынан кәсіподақ мүшесі, Медиа орталықтың директоры Жаннат Абильдаеваға сауықтыру шипажайына тегін демалуға жолдаманың сертификатын табыс етті.
Жиын соңында ұжым атынан сөз алған Медиа орталығының басшысы Жаннат Абильдаева мен «Zhubanov University» газетінің бас редакторы Гүлнара Қараша әріптестерін құттықтап, университет басшылығына көрсеткен құрметі үшін ризашылықтарын білдірді.