Төрт жыл бойы білім нәрімен сусындаған ұл-қыздар еңбегінің жемісін көруге асық. Алда бірін магистратура күтіп тұрса, енді, еңбек жолын бастауға құлшынып тұр. Салтанатты рәсімде басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Рахым Бекназаров түлектерді құттықтап, сөз сөйледі. Оның айтуынша, университет түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие.
— Құрметті түлектер, төрт жыл бойы білім нәрімен сусындап, бүгінде әр саланың маманы атандыңыздар. Сіздерге жарқын болашақ және ақ жол тілеймін. Университет қабырғасында алған білімдеріңізбен егемен еліміздің өркендеп дамуына елеулі үлес қосып, Жұбанов университетін жоғарғы дәрежеден көрсетулеріңізге тілектеспін, — деді ол.
Биылғы оқу жылында экономика және құқық факультетін 700-ге жуық түлек тәмамдаса, оның 118-і түлек үздік диплом иегері атанып отыр. Айта кетейік, биыл түлектер университетті бітіргені туралы жаңа үлгідегі дипломға ие болды. Оның дизайны әзірленіп, бекетілген болатын. Ол халықаралық стандартқа сай жасалып, Zhubanov University логотипі басылған. Жалпы бүгінде аталған оқу орнының білім сапасы жақсы деңгейде. Студенттер көптеген ғылыми жобалаларға, республикалық олимпиадаларға қатысып, үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Диплом табыстау рәсімін әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нұржан Бердыбаев, экономика және құқық факультетінің деканы Бағдагүл Таскариналар жалғастырып, бітірушілерге жылы лебізін білдірді.
Салтанатты кеште үздік диплом алғандардың бірі Таңшолпан Серікбаева ел экономикасына өлшеусіз үлесін қосуға ниетті. Ол өзінің ақжарма тілегін келесідей жеткізді:
— Біз осы оқу орнына елдің түкпір-түкпірінен жиналдық. Білім нәрімен сусындап, жаңа достар таптық. Бір-бірімізді қолдап, қиын сәттерде кеңес бердік. Университеттің бізге берген құнды тәжірибесі болашақта тірек болмақ. Бүгін — ата-анамыз бен төрт жыл бойы бізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымына алғыс айтатын күн. Бізге білім беріп, өмір сабақтарын үйреткен ұстаздарға рахмет! Енді өзіміздің кім екенімізді дәлелдейтін кез келді. «Жұбановшы» деген атымызға кір келтірмей, адал еңбек етуге уәде береміз, — деді Т.Серікбаева.
Салтанатты рәсімде барлық бітірушілерге дилом табысталып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.