Вторник, Март 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Евклид кеңістігіндегі ізденістер

Евклид кеңістігіндегі ізденістер

Геометрияда Евклид кеңістігі деген ұғым бар. Оның мәні — бізді қоршаған ортамызды нақ солай қабылдауымызда деген түсінікте. Нақты ғылымға ден қоя бермейтін көпшілігіміз үшін толық мағлұмат ұсынбайтын бұл салыстыруға көп тоқталмай, сөз бастауымызда тұрған Евклидтің өзінен әңгімемізді одан әрі өрбітсек, ол шамамен б.з.б. 330 жылы Александрия қаласында дүниеге келген екен. Евклидтің Афиныдағы ежелгі Платон мектебінде оқығаны туралы деректер бар. Оқуды бітіргеннен кейін ғалым Египеттің Александрия қаласына келіп, сол жерде математика саласының геометрия деп аталатын негізін жүйелеп, қалайды.

Біздің кейіпкеріміз Жеткербай Қайдасов — заманында Евклид еншілеген геометрияның тынысын кеңейтуші, осы ауқымдағы ғылымның жаңалықтарына тың серпін беруші көрнекті ғалымдардың бірі.    

Геометрияға ғашықтық

Әдетте мектепте оқып жүргенде балалардың математика мен геометрияға, химия мен физикаға көп ұмтыла бермейтіні ақиқат. Ал бала Жеткербай осы пәндердің ішінен геометрияға кәдімгідей құмартқан. Оның үстіне жоғары класта оқып жүргенінде ауыл дүкенінен сатып алған белгілі ғалым-математик Мыңбай Ысқақовтың «Математика және математиктер жайлы әңгімелер» атты кітабын жата-жастана оқып, өзгеше бір дүниеге дендеп еніп кеткені бар. Ақыры сол құпиясы көп әлемнің құрсауынан шыға алмады.

Алдын ала озып айта кетелік, Алматыға жоғары оқу орнына барған кезінде өзіне кітабы арқылы ұстаз тұтқан адамы алдынан шықты.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, математика, астрономия саласында бірнеше ғылыми еңбектері жарыққа шыққан, проективтік геометриядан қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы Мыңбай Ысқақов көпшілікке «Қазақ календары» атты кiтабымен де жақсы таныс болды. Міне, осы ғалым жас талапкердің геометрияға ғашықтығын тіпті арттыра түсті. Абай айтқан «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз!» ғақлия тура алдынан шыққандай жарық сәулесін шашты да тұрды.

Енді қазақша айтқанда, болар баланың бұған дейінгі өмірбаянына көз салсақ, өзге құрдастарына ұқсай  бермейтін ерекшеліктері бар екенін және ұғынамыз. Байғанин ауданының Байғанин атындағы кеңшар атағын иеленген аумақтың Қораши деп аталатын бөлімшесінен қырық шақырымдай Мойындықияқ деген қыстақ бар. Сол жерде болашақ ғалымның әкесі ұзақ жылдар мал баққан. Бастапқыда қой шаруашылығын дамытуға үлес қосқан еңбек адамы кейін жылқы түлігіне ден қойған. Әдетте «жылқы малын жылқының тұяғындай қатты адам баға алады» деген ұғым қалыптасқан. Тынымсыз еңбегі бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Қойлыбай Боқановтың баласы Жеткербай кішкентайынан ат құлағында ойнап өседі.

Мал баққан адамның өз есебі болады. Ол өріске шыққан сайын алдындағы малын түгендеп отырады. Әрине, оның да өзіндік құпиясы бар. Мәселен, Қойлыбай жарықтық кеңінен жайылып жүрген жылқыларын көз жүгіртіп бір шолып өтеді екен де, «қасқа айғырдың үйіріндегі торы бие көрінбейді» деп сарт еткізеді екен. Әке жанынан қалмай өскен Жеткербай кейінірек есейіп, есеп шығарғанда да осы көріністің көз алдында көлбеңдеп тұрып алатынын сезініп, өткен шақпен әлдебір ішкі байланыстың бар екенін бағамдайтын.

Жылқы ауыл болған соң бие сауады. Елгезек жас бала жүгіріп жүріп жиырма бес құлынды желіге байлайды, керек кезінде ағытады. Одан кейінгі бір сәтте бұзауларды өріске шығарады. Қарап отырса, соның бәрінде есеп керек екен. Малдың санын білу өз алдына, уақытқа сай олардың бағым-күтімін үйлестіру, өрісін таңдау, қоныс аудару — осының бәрі есепке келіп тіреледі.

Жеткербайдың балалық шағы өткен Қызылтаң деген ауылда сол кездері жиырмадан асар-аспас үй болған. Бастауыш мектептегі шәкірттер санаулы болғандықтан екі кластан біріктіріп оқытады. Алтыдағы бала Жеткербай ағаларымен таласып-тармасып мектепке кіргісі келеді, кешкісін алдындағы Олжабай, Серікбай ағаларының қолындағы кітаптарына жармасады «мен де оқиыншы» деп. Олардың да бере қоюы қиын, себебі кітаптың бір беті жыртылып қалса, мұғалімнің алдында қатаң жауапқа тартылады.

Жеткербайдың талабын байқап қалған әулеттегі ересектеу Жұбан ағалары бір күні үйден мектеп «ашып» береді. Төртінші кластағы Олжабай — мұғалім, екінші кластағы Серікбай — мектеп директоры, Жеткербай — шәкірт бала, Жұбанның өзі инспектор. Қысқасы, бір жыл бойы Жеткербай Серікбай ағасымен бірге екінші кластың сабағын оқып шығады.

Мектепке бармай тұрып-ақ осылай білім жолына сапар шеккен Жеткербайдың көп жетістігі осы сәттен басталғандай еді.

Мектепте 10-класта оқып жүргенде математикадан облыстық олимпиадаға қатысқаны есінде. Ол кезде ауыл баласына мұндай сайыстарда жүлделі орын тие бермейді. Дегенмен, қатысудың өзі біраз нәрсені ұқтырады. Ауылға келгесін өзін баулып жүрген Ізғали ағайына өз білімінің бәйгеге жарай бермейтінін сездірген. Ол кісі де бірден түсіне қойды. Шәкіртіне «Математика в школе», «Квант» деген журналдарды ұсынды. «Осыларды оқып көрші!» деді жаймен ғана. Әрине, орысшаға тісі батпағанымен, әуелі суреттерін қарап шықты, сосын өзіне ыңғайлы есептерді шығара бастады.

Осылайша ол мектеп бітірген соң көп ойланбастан Алматыға жол тартты. Арманы — математиканы, оның ішінде геометрияны меңгеру. Сөйтіп, Абай атындағы педагогикалық институттың математика факультетінің есігін ашты…

Ғылым жолында

1973 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген жас маманға жолдама Торғай облысына берілді. Сөйтіп, ол Арқалық ауданындағы Матросов атындағы сегізжылдық мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.

Арада екі жыл өткенде аз да болса тәжірибе жинақтап үлгерген және ізденістерімен көзге түсе бастаған оны Арқалық педагогика институтының ректоры Мырзағали Төлегенов қызметке шақырады. Сөйтіп, Жеткербай алгебра және геометрия кафедрасының оқытушысы, көп ұзамай аға оқытушысы болып еңбек жолын жалғастырады.

Жоғары оқу орнында сабақ беру ұстаздық қана емес, ғылыми қабілет-қарымды да қажет етеді. Сондықтан да ол өзі жастық шағын өткізген ару қала Алматыға қайта оралып, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің аспирантурасында білім алады.

Сол жылдарда Мәскеуде білімін жетілдіріп, Лениндік сыйлықтың лауреаты, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, әйгілі математик Николай Ефимов пен КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Мәскеу Мемлекеттік университетінің профессоры Эдуард Позняктың мектебінде  профессор Евгений Викторович Шикиннің жетекшілігімен геометрия және топология мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап шықты.

Диссертацияның басты жаңалығы — үш өлшемді Евклид кеңістігінде Лобачевский жазықтығының шексіз аумағына сәйкес келетін, дифференциалдық геометрияда айтылып жүрген беттерден өзгеше тағы бір беттің бар болатынын дәлелдеуі. Ғылымдағы бұл жаңалық орыс ғалымдарын да елең еткізеді.

Геометрия саласын зерттеу барысында ғылыммен тереңірек айналыса бастады. Ғылыми еңбектерін жүйелеп, енді оқулықтар жазуға кірісті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ғалымның жазған еңбектерін мақұлдап, оған қолдау білдірді. Қуаныштысы — 2005 жылдан бастап оқулықтары жалпы білім беретін мектептердің оқу жүйесіне енді. Осыдан бастап 10-11 класс оқушылары Жеткербай Қайдасовтың қатысуымен шыққан оқулықтарды оқи бастады. Арада бірер жыл шамасында бұл сапқа 7-8-9 кластардың шәкірттері де қосылды.

«Оқулық автордың ойдан жазатын шығармасы емес, осыған дейін жазылған дүниелерді іріктеу, ең керек деген ақпараттарды сауатты түрде бір-бірімен ұштастыра білу керек. Жұмыстан тыс уақытта электрондық оқулық жасаумен де айналысқан кездерім болды», —  дейді ғалым.

Кейініректе ол «Геометрия. 7-8» деген атаумен қазақ тілінде электрондық оқулық жасады. Заман талабына сай өмірге келген бұл оқулықтың ішінде үйретуші және бағалайтын тесттер орналасқан. Оқушылар белгілі бір себептермен сабаққа қатыса алмайтын жағдайда осы электрондық оқулықты пайдаланады. Сөйтіп, өз бетінше еркін дайындала алатын жағдайға қол жеткізеді.

Ғалым ұстанған бір бағыт — теріс иірімді беттердің жаңа түрлерін іздестіру. Ол компьютерлік графиканы қолдану арқылы жүзеге асады. Жеткербай Қойлыбайұлының айтуынша, қандай да жаңалық теорема түрінде қалмауға тиіс, оны компьютерлік графикамен ұштастырған жөн. Өйткені бұл — уақыт  талабы.

Геометрия саласы бойынша елімізде ең алғаш Thomson Reuters базасындағы журналға мақаласының енуі — ғалымның еншісіндегі үлкен бір жетістігі. Үш өлшемді Евклид кеңістігінде Лобачевский жазықтығының шексіз бөліктерін кеңістікке регулярлы-изометриялы енгізу мәселелері жөнінде мақала жазып, бұл еңбегінде дифференциалдық геометрияда айтылып жүрген беттерден өзгеше тағы бір беттің бар болатынын дәлелдеп шықты. Ол жаңа тұжырым 1986-1987 жылдары Ресейдің «Вестник МГУ», «Математические заметки» ғылыми журналдарында жарияланды, магистранттарға оқытылатын арнайы курс бағдарламасына енгізілді.  Мұнымен тоқтап қалмай, ағылшын тіліне аударылып, Thomson Reuters базасындағы журналдарда жарық көрді. Демек, әріптес ғалымдар тарапынан бұл жаңалыққа қызығушылық болғаны.

Ғалымдар отбасында

Жеткербай Қойлыбайұлы 1973 жылы жоғары білім алғаны туралы дипломымен бірге туған ауылына өзімен институтта бірге оқыған  Алматы облысының Әспет есімді айдай бір аруын ала келді. Сол бір жылдары алтын адамның денесі табылып, күллі әлемге танымал болған Есіктің қызы осылайша Қорашидің келіні атанды.

Жас отбасы ауылдағы үлкендердің батасын алғаннан кейін көп ұзамай Арқалыққа аттанды. Ширек ғасырдай сол өңірде жоғары оқу орнында ұстаздық етіп, екеуі де ғылым жолын қуды.

Жеткербай Қайдасов бүгінде физика-математика ғылымдарының кандидаты, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының және Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының академигі, «Қазақстанның еңбек сіңірген педагогі-2020» атағының, Ахмет Байтұрсынов күміс медалінің иегері. Сондай-ақ мерейлі мерекесі қарсаңында «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Ал Әспет Кеңесбекқызы — педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Ол математиканы оқыту әдістемесінен диссертация қорғаған. Және бір айта кетерлігі, Арқалықта 2004-2007 жылдар аралығында ректор болып, өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін танытқан білікті басшы, ғибраты мол ғалым.

Ғалымдар отбасынан құстың қос қанатындай екі перзент қанат қағып, ата-ана тәрбиесін ақтауда. Гүлмирасы дизайнер, компьютерлік графикамен жұмыс жасайды. Ал Әділеті тарихшы-магистр.

* * *

Геометрия грек тілінен аударғанда жер өлшемі дегенді білдіреді екен.

Жеткербай Қойлыбайұлы жас кезінен мамандығына сәйкес осы бірлікті ұстанымы ретінде жадында берік қалыптастырып, бүгінде әр нәрсеге де өзіндік бағамдауымен көз салатын, тұжырымдап айтқанда жеті рет өлшеп, бір рет кесетін жетпісінші асуына аяқ басып отыр. Жақында ғана Ақтөбе университетінде осы мерейлі тұсқа сәйкестендіріп «Математикалық білім берудегі инновациялық технологиялар» тақырынбында республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өткізілді. Еліміздің білікті ғалым-мамандары бас қосқан жиында ғалым Жеткерген Қайдасовтың жұлдызы тағы да жарқырап көрінді!    

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

/aqtobegazeti.kz/