Пятница, Сентябрь 13, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үздік түлектер білім биігінен көрінді

Үздік түлектер білім биігінен көрінді

Жұбанов универсиитетінің  педагогика факультетінде түлектерге диплом тапсыру рәсімі өтті. Биыл педагогика факультетін 751 студент бітіріп отыр, олардың 81-і  үздік диплом иегері.

Жиынның ресми бөлімінде университет ректорының Академиялық қызмет жөніндегі кеңесші  Бибігүл  Абенова құттықтау сөз сөйлеп, бітірушілерге ақ жол тіледі.

Сонымен қатар, Бибігүл Сейілқызы  бір топ бітірушіге дипломды салтанатты жағдайда табыстады. Олардың қатарында оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенділік көрсеткен студенттер бар. Әнмен әспеттелген салтанатты кеш аясында көпшілік алдында факультет бітіруші түлектері атынан университеттің «Үздік студенті» төсбелгісінің иегері, республикалық студенттік олимпиада жүлдегері Күнсәуле Төлегенова сахнаға шығып, университет ұжымына риясыз алғысын жеткізді.

Мен өте қуаныштымын. Ұстаздар мен университет басшылығына,  ата-аналарға деген ризашылығым шексіз. Осы университетті аяқтау мен үшін зор құрметтің бірі. Осы қуанышымды мен ата-анаммен және туған туыстарыммен бөлісемін. Түлектерге, яғни, әріптестеріме сәт-сапар тілеймін, — деді ол.

Одан әрі диплом табыстау рәсімін академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Лаура Қарабасова  факультет деканы Жанна Жусупова, факультет түлегі, №2 ПМК Ақтөбе қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мемлекеттік мекемесінің директоры Райхан Ахметовалар жалғастырып, түлектерге ақ тілектерін білдірді.

Мерекелік кеш соңы  педагогика  факультетінің  өкілдері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, Жұбанов университетінің педагогика факультеті 1984 жылы Математика, кейіннен Тарих факультетінің құрамында бастауыш кластарға арналған жоғары білімді мамандар даярлау мақсатында бөлім ретінде ашылып, 1990 жылы жеке Педагогика факультеті болып бөлініп шықты.

Факультетте «5В010100 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу»; 5В010200 – «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»; 5В010300 – «Педагогика және психология»; 5B012300 – «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану»; 5В010500 – «Дефектология»; 5В050300 – «Психология» мамандығы бойынша білім бакалаврын, 6М010100 – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу»; «5В010200 – Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»; 6N010300 – «Педагогика және психология»;  6М050300 – «Психология»  мамандықтары бойынша магистрлерді және «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығында докторанттарды даярлайды.