Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жазғы тілдік лагерь жұмысы басталды

Жазғы тілдік лагерь жұмысы басталды

Бүгін Жұбанов университетінде онлайн форматта жазғы тілдік лагерьдің ашылу салтанаты өтті. «Qazaq tili» жазғы тілдік лагерьі «Қазіргі түркі тілдерінің тілдік процесін зерттеу» зертханасының қызметі аясында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу кезеңіне орайластырылып отыр. Аталмыш лагерь қазақ тілін халықаралық деңгейде насихаттау және мәдениетаралық коммуникацияны дамыту үшін білім алушыларға (оның ішінде шетелдік студенттерге) арналып отыр.

Жазғы лагерьдің салтанатты ашылуында алғашқылардың бірі болып сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректор міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров: «Сөздің құдіреті мен өрнегі, ұлт жаны – тіл, мәдениет және тарих триадасы негізделген бұл лагерьдің біздің білім алушыларымызға берері көп. Өйткені, біздің университетімізде еліміздің барлық облыстарынан келген студенттер және шетелдік студенттер білім алады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілей отырып, лагерь жұмысын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер» — деді.

Лагерь жұмысын ұйымдастырушыларының бірі, университеттің Халықаралық Ынтымақтастық Орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжан Тыныштықбайқызы Шоқым мұндай шараның Қазақстан көлемінде алғаш рет өткізіліп жатқанын алға тартып, жобаның  ерекшеліктеріне тоқталып өтті. «Латын әліпбиін тану, екі елдің арасында мәдениаралық қарым-қатынас орнату бұл да тілдік лагерьдің бір мақсаты болып отыр. Сонымен қатар, қазақ тілін, қазақ мәдениетін шетелдерде насихаттау да, осы жобамыздың бір мақсаты» — деді профессор өз кезегінде.

Жазғы тілдік лагерьдің ашылу салтанатында еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының, мемлекеттік құрылым және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері бас көрсетті. Олардың ішінде М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Халықаралық Ынтымақтастық Орталығының басшысы Гүлнұр Болатбекқызы Исабекова, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің өкілдері,  Ақтөбе облысының Тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Хакімғалиқызы Серғазина, Казтамону университеті, «QAZAQ ELI» мәдени орталығы, Ғалым, профессор, түркі тілдері мен әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Орхан Сөйлемез және Ph.D. доктор Өмер Атеш, Токат мемлекеттік Газиосманпаша университеті Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің оқытушысы, PhD доктор Марлен Әділов, Халықаралық мәдениет және Тіл зерттеулері орталығының бас хатшысы, доктор Эрол Барын, Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің докторанты Ержан Арғынбаев, Түрік ақыны, жазушы, «Достық» орденінің иегері, белгілі Мемлекет және Қоғам қайраткері Зафер Клебар, Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік Өзбек тілі мен әдебиеті университетінің Ph.D. доктор Ш.M. Хамроева, Өзбекстан Республикасы, ҰҒА- ның аға ғылыми қызметкері, «Қазіргі заман тарихы» мамандығы бойынша PhD доктор Зилола Халилова, Түркия, Карабюк университеті, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жылдыз Бейшенбекқызы Исмаиловалар болды.

Айта кетейік, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған бұл жоба 2021 жылдың 1-15 шілдесі аралығында онлайн форматта тегін, яғни ақысыз өтеді.