Воскресенье, Январь 29, 2023
Басты > Ел жаңалықтары > «Болашақ» бағдарламасына жаңа санат қосылды

«Болашақ» бағдарламасына жаңа санат қосылды

«Болашақ» бағдарламасы тағылымдамадан өтуге арналған cанатын кеңейтеді. Бұл туралы ҚР БҒМ хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Енді мәдениет және спорт саласының қызметкерлері New York Film Academy, University of the Arts London, Scuola Musicale di Milano және т.б. шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өте алады.

Әртістер, режиссерлер, суретшілер, өнертанушылар бір жыл бойы «Арт-менеджмент», «Дизайн. Сурет», «Дирижерлеу», «Өнертану», «Сценография» және тағы да басқа мамандықтар бойынша оқи алады.

Дене шынықтыру және спорт саласының мамандары «Спорттық психология», «Спорттық медицина», «Спорттық құқық» сияқты бағыттар бойынша біліктіліктерін арттыра алады.

«Бұрын мәдениет және спорт саласының қызметкерлері «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтпеген. Елімізде осы салалардың дамуын қолдау мақсатында қажетті жұмыстар жасалды. Енді мәдениет және спорт мамандарында әлемнің беделді шетелдік жоғары оқу орындары мен ұйымдарында өздерінің кәсіби деңгейін арттыру мүмкіндігі бар. Критерийлерге келетін болсақ, үміткерлердің кемінде үш жыл жалпы жұмыс өтілі, оның ішінде соңғы 12 ай таңдаған мамандығы бойынша жұмыс өтілі болуы тиіс. Сондай-ақ қабылдаушы шетелдік ұйымнан шақыртудың, В1 деңгейінен кем емес нәтижесі бар тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификаттың болуы міндетті», деп түсіндірді ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығы президентінің м.а. Данияр Мұқитанов.

Стипендиаттар тағылымдамадан өту үшін кепілге жылжымайтын мүлік қоймайды. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін соңғы 12 ай ішінде тұрақты табысы бар екі 50 жасқа дейінгі Қазақстан азаматын кепілгер ретінде ұсыну жеткілікті.

2021 жылы денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласының қызметкерлері, педагогтер, мемлекеттік қызметкерлер, инженер-техниктердің тағылымдамадан өтуі үшін 110 «Болашақ» стипендиясы бөлінген.

Естеріңізге сала кетейік, халықаралық стипендияны тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 4 мамырда басталып, 28 қазанға дейін жалғасады.

/egemen.kz/