Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады

Құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады

26 шілдеде білім гранттарына үміткерлер үшін құжат қабылдау аяқталды. Құжаттарды тапсыру онлайн режимде Egov электронды үкімет порталында жүзеге асырылды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің  мамандары конкурсқа қатысу туралы 5000-нан астам сұраныс қабылдаған.

Ал университетке түсу үшін құжаттарды қабылдау жұмыстары 25 тамызға дейін жалғасады. Талапкерлерден құжат қабылдау онлайн режимде жүріп жатыр. Талапкерлер университет сайты арқылы онлайн түрде кеңес алып, құжат тапсыра алады. Университетте өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар.  Қала тұрғындары үшін университетте өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары, ал аудан орталықтарына арнайы мобильді топ жасақталған. Университет мамандары талапкерлерге құжаттарын тапсыруға көмек көрсетеді. Сонымен қатар ZOOM арқылы университетте виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс жасайды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында университет ректорының міндетін атқарушы Рақым Бекназаров мәлімдеді.

Ол Білім және ғылым министрлігінің халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған квоталар мен университет тарапынан берілетін жеңілдіктер туралы айтып берді.

Енді көпбалалы немесе толық емес отбасылардың балалары, сондай-ақ отбасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған үміткерлердің грант алу мүмкіндігі көбірек болады. 2021-2022 оқу жылында бакалавриат бағдарламасына түсуге барлығы 56 мың грант бөлінген. Биыл  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес гранттардың жалпы саны 5000-ға артыпты. Магистратураға түсуге 13 мыңнан астам, докторантураға  1800-ден астам грант бөлініпті. Гранттардың көп бөлігі машина жасау, өңдеу және құрылыс салалары, педагогика ғылымдарына тиесілі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне педагогикалық квота бойынша 220 грант бөлінген.

— Жұбанов университеті әрдайым өз студенттеріне қолдау көрсетуге дайын. Жыл сайын оқушыларға арналған олимпиада ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары бізде тегін білім алу мүмкіндіктеріне ие болады. Осы жылғы олимпиада қорытындысы бойынша қалалық және аудандық мектептердің жоғары сынып оқушылары өз білімдерін көрсетіп, Құдайберген Жұбанов атындағы гранттың иегерлері атанды. Ал 42 оқушы 50, 30 және 20 пайыз жеңілдікпен білім ала алады.  Сондай-ақ университетте республикалық пікірсайыс турнирі өтті, оның да жеңімпаздары ақысыз оқуға мүмкіндік алды. Әртүрлі республикалық және облыстық байқаулардың, олимпиадалардың жеңімпаздарына, халықтың әлеуметтік осал топтарының жастарына және жетім балаларға арналған жеңілдіктер жүйесі де тұрақты негізде жұмыс істейді, — деді ректордың міндетін атқарушы.

Университет нарық қажеттіліктерін ескере отырып, білім беру бағдарламаларын үнемі жаңартып отырады. Биылдан бастап студенттер Жұбанов университетінде киберпедагогика, клиникалық психология, автоматтандыру және басқару, рециклининг технологиясы, мәдени-демалыс жұмыстары, ағылшын тілі және информатика, ландшафты жобалау, кешенді транпорттық логистика сияқты білім бағдарламалары бойынша оқи алады. Өткен жылдан бастап М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен бірге IT-медицина бағыты бойынша студенттер дайындап жатыр.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті 69 білім бағдарламаcы, 48 магистратура және 12 докторантура мамандықтары бойынша мамандар дайындайды. Университет 2 жыл қатарынан республика бойынша үздік жоғары оқу орындарының НААР рейтингінде 4-орында келе жатыр.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ

/aqtobegazeti.kz/