Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Абай > «Абай күні» құтты болсын!

«Абай күні» құтты болсын!

Бүгін, 10 тамыз қазақтың ұлы ақыны хакім Абайдың туғанына 176 жыл толды. Сонымен бірге, елімізде ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» болып мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілгені баршамызға аян. Бұл бүкіл Алаш үшін Абайды ұлықтайтын ерекше мереке деп ойлаймын. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, данышпан-ойшыл Абай атамыз қазақ халқы үшін дара тұлға. Абай Құнанбайұлын дәріптеуге бағытталған бастаманың ұлт үшін маңызы зор боларына сенеміз. Абай – жаңа қазақ әдебиетінің негізін салды. Қоғамның рухани дамуын көздеп, мәдени саланың ілгерілеуіне үлесін қосып, тарих парақтарына өзінің ізін қалдырды.

Сексен алты жылдық тарихы бар Жұбанов университеті осы уақытқа дейін Абайдың бай шығармашылық мұрасын насихаттап, жас ұрпаққа қалдырған өсиеттерін мүлтіксіз орындап келеді. Айта кетейін, былтыр тарихи датаға орай ұлы ойшылдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау мақсатында университетте бірнеше ауқымды шаралар өткізілді.

Мерейтой аясында танымал ғалымдар мен абайтанушылардың қатысуымен республикалық конференция, дөңгелек үстелдер мен Абай өлеңдеріне арналған байқаулар, челлендждер, «Жұбановтан — Абайға» ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды.
«Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», — деген Елбасының сөзі бар. Бұл – Абайдың мемлекет пен ұлттың, жұртшылықтың бас бәйтерегіне айналғанының тағы бір айғағы.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақала жазып, ақын туралы жан-жақты толғануы да қуантты. Президент Абай Құнанбайұлын ұлықтауға, оның шығармаларын насихаттауға бағытталған әрбір бастаманы қолдайтынын айтқаны да көңілге демеу.

Әр жыл сайын мерекелеуге лайықты осынау күн рухани байып, мәдени құндылығымызды көтеріп, адамшылық пен ізгілікке жетелейтіні анық. «Абай күні» құтты болсын!

 

Құрметпен,
Жұбанов университеті ректорының м.а. Рахым БЕКНАЗАРОВ