Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Қазақстандықтар тегін білім ала алатын елдердің тізімі ұлғайды

Қазақстандықтар тегін білім ала алатын елдердің тізімі ұлғайды

Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен жасалған үкіметаралық келісімдер аясында қазақстандықтар тегін оқи алатын елдердің саны көбейді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандықтар үшін гранттарды Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам елдері бөледі. Осылайша, егер 2019 жылы білім беру саласында уағдаластықтары бар мемлекеттер тізімінде жеті ел болса, 2021 жылы олардың саны 10-ға дейін өсті. Олардың арасында Венгрия, Польша, ҚХР, Украина, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан бар.

Өткен екі жылда мыңға жуық қазақстандық осы елдердің жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алды. Биыл қазақстандықтарға 500-ге жуық грант бөлінді. Үкіметаралық гранттар аясында қазақстандықтар бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша оқытудан өте алады.

«Жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық кадрлық әлеуетке жемісті әсер етуде. Отандық жоғары оқу орындарында білім беру процесінің сапасын күшейтумен қатар, азаматтарымыздың әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болуы үшін жағдай жасау қажет. Біз «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы бойынша ғана емес, үкіметаралық келісімдер шеңберінде де қазақстандықтарды тегін оқыту үшін елдердің географиясын кеңейтудеміз. Отанына оралғаннан кейін мамандар алған білімдерін өздері жұмыс істейтін саланы дамыту үшін қолданады деп үміттенеміз», деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Айта кетсек, 2019 жылмен салыстырғанда конкурстық іріктеуге қатысуға ниет білдірушілер саны 15%-ға өсті. Үміткерлерді іріктеуді депутаттардан, сарапшылардан, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының ғалым-докторларынан тұратын Тәуелсіз комиссия жүргізеді. Үкіметаралық келісімдердің операторы ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығы болып табылады.

/egemen.kz/