Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Солақай саясат құрбандары ақталады

Солақай саясат құрбандары ақталады

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Комиссия құрамында ҚР Парламенті мен Үкіметінің өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар. Осыған орай, барлық облыс орталықтарында және қалаларда 11 республикалық және аймақтық жұмыс топтары жұмыс істей бастады.

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылыми кеңес кабинетінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жанындағы жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Шараның модераторы Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Купенов «Республика бойынша Ақтөбе облысының жұмыс барысы жақсы жолға қойылған. Дегенмен де жұмысты әлі де болса күшейтуіміз қажет. Біздің алдымызда тұрған міндет архивтердегі барлық тың мәліметтерді тауып, оларды республикалық комиссияға ұсыну. Қазіргі таңдағы мәліметтерге сүйенсек, 940 адамның тізімі анықталған екен»,-деді.

Шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Балжан Даулетиярова 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған Қазақстандық әскери тұтқындарды, «Түркістан легионында» уақытша болған тұтқындарды ақтау бойынша осы кезге дейін жүргізілген зерттеулері бойынша ақпарат берілді. Шарада сөз алған зерттеуші-ғалымдар сонау тарих кезеңінен біраз құнды мәліметтерді ортаға салды. Баяндамашылар өз сөздерінде жұмыстарының жүзеге асырылуы туралы есеп беріп, қызметтің негізгі бағыттарын белгіледі. Ақтөбелік тұтқында отырған жауынгерлердің көбісі Германияда қаза тапқандығы жайында айтылды. Ел тарихындағы ең азалы кезеңде жазықсыз сотталған адамдарды ақтау біздің ортақ міндетіміз екендігі алға тартылды. Солақай саясаттан жапа шеккен жазықсыз жандардың есімі ақталып, тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін жұмыла іске кіріскеніміз жөн екендігі әңгімеге арқау болды. Сондай-ақ, алдағы атқарылатын жұмыстардың жоспары талқыланып, ортаға ұсыныстар тасталды.