Среда, Январь 26, 2022
Басты > Ел жаңалықтары > Қазақстанда колледждерге қабылдау науқаны жалғасып жатыр

Қазақстанда колледждерге қабылдау науқаны жалғасып жатыр

Қазақстанда колледждерге қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 126 074 өтініш берілді. Естеріңізге сала кетейік, құжаттарды қабылдау 25 маусымда басталып, 18 тамызға дейін жалғасады.
Биыл 97 мың білім гранты бөлінді. Сонымен қатар тегін білім алғысы келетіндер үшін квоталық санаттар тізімі кеңейтілді. Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін 5%, мәртебесі кемінде үш жыл толық емес отбасылар қатарындағы балаларға 1%, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар үшін 1% квота қосылды. Балдар тең болған жағдайда квоталық санат және аттестаттың орташа балы ескеріледі.
Талапкерлер колледжге құжаттарды екі тәсілмен электрондық үкімет порталы Egov.kz арқылы немесе тікелей колледжге тапсыра алады.
Болашақ студенттер төрт мамандық пен төрт колледжге дейін таңдай алады. Қабылдау рәсімі жаңа ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Биыл педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарды қоспағанда, қабылдау емтихандары болмайды.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік тапсырыс «ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты бойынша бөлінетін болады. Яғни, егер бұрын білім басқармалары гранттарды колледждер арасында бөлген болса, енді олар колледждер арасында талапкерлердің таңдауы бойынша беріледі.
Конкурс аттестаттағы міндетті және бейіндік пәндерден қойылған бағаның орташа балы бойынша өткізіледі.
«Байқау бірнеше кезеңге бөлінген: 29 шілде мен 2 тамыз аралығында – шығармашылық мамандықтар, 16-19 тамыз аралығында – педагогикалық мамандықтар бойынша. 9-сынып негізінде оқуға түсетін талапкерлер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу 19-22 тамыз аралығында, ал 11 сынып түлектері үшін 22-25 тамыз аралығында өтеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылдау туралы ақпарат талапкердің жеке кабинетіне келеді», – деп атап өтті ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов.
/www.gov.kz/