Воскресенье, Октябрь 2, 2022
Басты > Жаңалықтар > Құрылысшылар күні аталып өтті

Құрылысшылар күні аталып өтті

Тамыз айының екінші жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде Құрылысшылар күні аталып өтіледі. Ел экономикасының қарыштап дамуы жолында бұл салада қызмет етіп келе жатқан мамандардың орны ерекше. Кәсіби айшықты мереке біздің елде 1998 жылдан бері аталып өтуде. Сәйкесінше, қоғамда құрылысшыларға деген құрмет те жыл өткен сайын артып келеді.

Атаулы күн қарсаңында осы саланың үздіктері де ескерусіз қалмады. Бүгін Жұбанов университетінің құрметті құрылысшылары мен сала мамандары Сарқыт Келешова, Алмагүл Сабырғалиева, Қарашаш Нұрпейсовалар салтанатты жағдайда марапатталып,  университет ректорының алғыс хаттары табысталды.

— Сізді, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ұжымы атынан Қазақстан Құрылысшылары күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Университеттің материалдық-техникалық базасын дамытуға қосқан нәтижелі еңбегіңіз үшін алғыс білдіре отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, кәсібіңізде толағай табыстар тілеймін!, — делінген алғыс хатта.

Өз кезегінде  басқарма төрағасы, профессор Рахым Бекназаров  сала  мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, университеттің материалдық-техникалық базасын дамытуға қосқан нәтижелі еңбегі үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде оқу орнының басшысы университет қызметкерлеріне зор денсаулық тілеп, әр қызметкердің жұмысының маңыздылығын мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.

«Құрылысшы – өлмейтін мамандықтың бірі. Олардың еңбегі қашан да құрметке лайық»,-  деді басқарма төрағасы Рахым Бекназаров.

Айта кетейік, атаулы мерекеге орай білім ордасының шаруашылық-техникалық бөлімнің барлық жұмысшыларына бір айлық көлемінде сыйақы берілді.