Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Абай > Абай мұрасын ұлықтау — басты парыз

Абай мұрасын ұлықтау — басты парыз

Қазіргі технологияның қарқынды дамып, ақпараттың легі толассыз ағылып жатқан кезеңде тарихи құндылықтарымызды дәріптеп, тарихи тұлғаларымызды ұлықтаудың маңыздылығы зор. Кейінгі ұрпақ санасына рухани байлықтарымызды сіңіріп отыру – басты парызымыз. Өткен жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» болып жарияланды.

Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді»,- деген болатын. Абай атамыздың артына қалдырған мол мұрасы ғасырлар өткен сайын құндылығын арттырып, кейінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналып отыр. Абай шығармаларында қазақ халқының салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, болмысы, жан-дүниесі суреттелген. Дана Абай халқының жай-күйін бар болмысымен сезініп, оны туындыларында айна қатесіз бейнелей алған тұлға. Білім мен ғылымды барынша дәріптеп, қазақтың сауатты, оқыған-тоқыған ел қатарына қосылуын, алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын тілеулес бола отырып, осы идеяны барынша дәріптеген. Абайдың идеялары қазіргі таңда да өзектілігін жоймады.  Оның мұрасы – мәңгі өшпес мұра.

Сондықтан болашақ ұрпағымыздың бойына Абай мұраларын сіңіру басты парыздарымыздың бірі екенін ұмытпайық!  «Абай күні» құтты болсын!