Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Оқушылар мен студенттер дәстүрлі форматта оқиды

Оқушылар мен студенттер дәстүрлі форматта оқиды

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Білім берудің дәстүрлі форматына оралу туралы шешім қабылданды. Осыған орай оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажет», деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы осыған байланысты Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.

«Жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқу штаттық режимде қамтамасыз етілсін. Білім министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, әрбір мектепке дәстүрлі форматта оқу бойынша нақты ұсынымдарды жеткізсін. Осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтар мен техперсоналды вакциналаумен 100 пайыз қамтамасыз етсін», деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы барлық білім беру ұйымын оқу жылын бастауға 100 пайыз дайын болуын ескертті.

«Мектептерде жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтау қажет. Мәселен, жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектептердің ең көбі Алматы облысында – 9 мектеп, одан кейін Қостанай облысында – 6, Батыс Қазақстан облысында – 5. Әкімдерге қойылатын міндет – барлық білім беру ұйымдары оқу жылын бастауға 100 пайыз дайын болуы тиіс. Балалардың қауіпсіздігі, тамақтандыру және мектепке жеткізу бойынша барлық мәселелер шешімін табуы керек», деді А.Мамин.

/egemen.kz/