Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Нұрқанат Әжіқановқа оқу ақысының 100 пайыздық төлем сертификаты табыс етілді

Нұрқанат Әжіқановқа оқу ақысының 100 пайыздық төлем сертификаты табыс етілді

Каратэден Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кадеттер мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Нұрқанат Әжіқанов өз мансабындағы ең ірі дода – Токио Олимпиадасына қатысып келді. Ол Токио төрінде тәжірибелі мықты каратэшілермен теке тіресе өнер көрсетті. Жастығына қарамастан ол өзіне деген сенімділігін жоғалтпай, азулы қарсыластарының кейбірінен басымдығын танытты.

Бүгін 12 тамыз Халықаралық Жастар күні қарсаңында университет ректоры міндетін атқарушы Рахым Бекназаров Нұрқанат Әжіқановты қабылдады.

«Жұбанов университетінің тарихында осындай дәрежедегі Олимпиадаға алғаш барған студент сенсің – Нұрқанат. Сондықтан сенің университет тарихында қалатының сөзсіз. Нұрқанатты барлық жастарға үлгі етуіміз керек»,- деген басқарма бастығы Рахым Ағыбайұлы Нұрқанатқа алдағы уақытта сәттілік тілеп, оқу ақысының 100 пайыздық төлем сертификатын табыс етті. Жиында сондай-ақ, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нұржан Бердыбаев, кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаров, дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Төлеген Ботағариев, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Сатыбалдина сөз сөйледі.

Нұрқанат Әжіқанов өз кезегінде: «Жеткен жетістіктерім үшін әуелі ата-анама, сосын әркез қолдау танытатын университет басшылығы мен оқытушыларыма алғыс білдіремін. Егер сіздер тарапынан осындай қолдау болмаса, мен үлкен додаға жолдама алмаған болар едім. Оқумен бірге, спортты қатар алып жүруіме Жұбанов университетінде барлық жағдай жасалған. Сондықтан сіздерге айтар алғысым шексіз»,- деді.

Сондай-ақ, жастар күніне орай жиын соңында басқарма басшысы Рахым Бекназаров университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті өкілдерін мерекемен құттықтады. Ол жастармен тығыз жұмыс жасап, университет іс-шараларының басы-қасында жүретін Жастар ісі жөніндегі комитет жұмысын жоғары бағалады.