Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Нұрқанат Әжіқанов: Арманым елімнің көк байрағын көкте желбірету

Нұрқанат Әжіқанов: Арманым елімнің көк байрағын көкте желбірету

12 тамыз Халықаралық Жастар күні қарсаңында Жұбанов университеті ректоры м.а. Рахым Бекназаров Нұрқанат Әжіқановты қабылдады. «Жұбанов университетінің тарихында осындай дәрежедегі Олимпиадаға алғаш барған студент сенсің – Нұрқанат. Сондықтан сенің университет тарихында қалатының сөзсіз. Нұрқанатты барлық жастарға үлгі етуіміз керек»,- деген басқарма бастығы Рахым Ағыбайұлы Нұрқанатқа алдағы уақытта сәттілік тілеп, оқу ақысының 100 пайыздық төлем сертификатын табыс етті.

Нұрқанат Әжіқанов өз кезезегінде: «Жеткен жетістіктерім үшін әуелі ата-анама, сосын әркез қолдау танытатын университет басшылығы мен оқытушыларыма алғыс білдіремін. Егер сіздер тарапынан осындай қолдау болмаса, мен үлкен додаға жолдама алмаған болар едім. Оқумен бірге, спортты қатар алып жүруіме Жұбанов университетінде барлық жағдай жасалған. Сондықтан сіздерге айтар алғысым шексіз»,- деді.

Орайы келгенде, Нұрқанатты әңгімеге тарттық.

Нұрқанат, қош келдіңіз. Олимпиададан алған әсеріңмен бөлісіп өтсеңіз? – Олимпиададан алған әсерім шексіз, бұл мен үшін өмірімдегі ең үлкен асулардың бірі болды. Токио Олимпиадасы маған мол тәжірибе сыйлады. Бұрын сыртынан ғана бақылап, өнеріне тәнті болып жүретін каратэшілермен бетпе-бет келіп, олармен тайталасқа түсу, оларды да жеңуге болатынын түсіну маған теңдесі жоқ сабақ еді. Олимпиада тарихында каратэден жарыс бірінші рет өткізіліп отыр. Маған осындай мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын.

Қиындықтар кездесті ме?

– Тобымда өте тәжірибелі спортшылар болды. Негізі, жыл бойы өтетін Премьер-лига турниріне жасымның жетпеуіне байланысты қатыса алмадым. Тек соңғы сәттерде менің салмағымда жарыстарға қатысып жүрген Ермек Айназаров жарақат алған соң, менің Парижде өтетін іріктеу турнирінде бағымды сынауға тура келді. Сол турнирде бағым жанып, Токиоға жолдама алдым. Алғашқы кездесуімде Австралия спортшысы Цунзари Яхироны жеңдім. Германиялық Нао Битщпен жарыста жеңілдім.

Кейін Италия спортшысы, екі дүркін әлем чемпионы Луиджи Бусаны ұттым. Одан кейін әзірбайжандық Рафаэль Агаевтан есемді жіберіп алдым. Бұл спортшылар тәжірибесі мол, талай әлемдік деңгейдегі жарыстардан жүлде алып жүрген мықтылар. Маған тәжірибемнің аздығы қиындық туғызған шығар. Дегенмен мен өзіме деген сенімділігімді арттыра түстім.

Әттеген-ай, деген тұстарың болды ма?

– Іріктеуде германиялық спортшыны жеңгенімде, жарысты жалғастыруға, тіпті, жүлде алуға болар ма деген ойлар келеді. Дегенмен өкінішім жоқ, өткен өтті. Енді алдағы уақытта жарыстарда осы жіберген қателіктерімнен сабақ алатын боламын.

Алда қандай жоспарларың бар?

– Шамалы демалып, күш жинап алған соң жаттығуларымды бастаймын. Жаңа белестерді бағындыруға, алдағы әлемдік жарыстарда ел намысын абыроймен қорғау үшін бар күшімді саламын. Арманым елімнің көк байрағын көкте желбірету!

Арманыңыз орындалсын, Нұрқанат. Әңгімеңізге рақмет!

Сәттілік тілейміз!

 

 

Университеттегі
м
едиа-орталықтың маманы Жадыра АРЕН

https://bilimdinews.kz/?p=164388