Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Спорт күні құтты болсын!

Спорт күні құтты болсын!

Елбасы Н.Назарбаевтың 2003 жылы 15 қарашадағы Жарлығымен елімізде тамыз айының үшінші жексенбісі «Спорт күні» болып аталып келеді.

Спорт – адамның денсаулығын нығайту құралы ғана емес, ел мәртебесін әлемде асқақтататын бірден-бір күш болып табылады. Кәсіби спортшыларымыз үнемі республикалық және әлемдік ареналардан әкелінген наградаларымен қуантып жатады. Бұл жаттықтырушылардың да еңбегінің жемісі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда спорттың дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Спортшылардың кәсіби мерекесінің атап өтілуі де осыдан. Ақтөбе өңірінде де дүбірлі додаларда топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген саңлақтар жетерлік.

Қазіргі таңда университетімізде білім алып жатқан жас спортшыларымыздың да жетістіктері мақтанарлық. Жақында ғана өткен Токио Олимпиадасына қатысып, екі дүркін, бес дүркін әлем чемпиондарымен иық тірестіріп келген студентіміз Нұрқанат Әжіқанов ел мақтанышына айналды. Ол каратэден ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кадеттер мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы. Одан бөлек, соңғы кезде жетістіктерімен қуантып жүрген грек-рим күресі бойынша Азия чемпионы, ҚР чемпионы Дәулет Жалғасов, самбо күресі бойынша ҚР чемпионы Бекзат Мұханбетов, әскери жекпе-жек, самбо күресінен ҚР чемпионы Арман Тұрымбетовтерді атап өтуге болады.

Спорт саласында жетістіктерді бағындырып жүрген қыздарымыз да бар: тоғызқұмалақтан ҚР жеңімпазы, спорт шеберлігінен үміткер, Ақтөбе облысының құрама командасының мүшесі Әйгерім Әжіғалиева, белбеу күресінен ҚР-ның бірнеше дүркін күміс жүлдегері Әсем Бөкенбайқызы. Жастарымыздың спорттық жетістіктерге жетуіне университет басшылығы, професор-оқытушылар тарапынан көрсетілген қолдаудың маңыздылығы зор.

Университетте спортшыларымызға материалдық-техникалық база жағынан да барлық жағдай жасалған. Университетте 27 спорт секциясы жұмыс жасайды. Оларға қатысатын студенттер қалалық, республикалық, халықаралық жарыстарда біршама жетістіктерге жетуде.

Спорт саласында өзіндік орны бар самбо күресінен әлем және Азия чемпионы Есет Қуанов, пауэрлифтингтен әлем чемпионы Таисия Дьяченко, қазақ күресінен әлем чемпионы Әл-Фараби Бимағанбет, жүзуден ҚР чемпионы, ҚР рекордсмені, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Камзенов, жүзуден ҚР чемпионы Әлібек Камзенов сынды спортшыларымыз университетіміздің түлектері екендігін зор мақтанышпен айта аламыз. Бұдан өзге де саңлақ спортшыларымыз жетерлік. Әлбетте, біз әрқашан да студенттерімізбен мақтанатын боламыз.

Барлық спортшыларымызды спорт күнімен құттықтаймын! Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін!

 

Құрметпен,
Жұбанов университеті ректорының м.а. Рахым БЕКНАЗАРОВ