Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбеліктер жастар күнін атап өтті

Ақтөбеліктер жастар күнін атап өтті

12 тамыз — Халықаралық жастар күні. Осы атаулы күнге орай 9 тамыздан бастап облыс аумағында «Тәуелсіз елдің жастары» атты апталық өтіп жатыр.

Жай ғана жүгірме, айналаңды тазарт!

Ақтөбелік жастар мереке қарсаңында Plogging ұйымдастырды. Экологиялық акцияға облыс еріктілері атсалысты.

Оқырманға түсінікті болу үшін «Plogging» сөзіне анықтама бере кетейік. Бұл сөз алғаш рет Швецияда пайда болған деседі. Қарапайым жүгіріс кейін экологиялық акцияға айналып кетті. Яғни Plogging кезінде адам жүгіріп жүріп қоқыс жинайды.

— Бұл экологиялық қозғалысты ойын деуге де болады. Қазір әлем елдері арасында трендке айналған шара. Денсаулық пен тазалықты, табиғатқа деген жанашырлықты дәріптейтін шараны Жастар күні қарсаңында өткізгенді жөн көрдік. Өте қызықты өтті. Қатысушыларға да ұнады, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Қалдыбай.

Жарыс кезінде қатысушылар белгілі бір уақыт шеңберінде жүгіріп жүріп, қоқыс жинады. Ойынға қатысқан 5 топтың ішінен 1-орынды  «Жасыл ел» жасағының жауынгерлері жеңіп алды. 2-орынды «Райян» қайырымдылық тобы иеленсе, 3-орын Волонтерлер лигасына бұйырды. Қалған екі топтағы еріктілер белсенді қатысқаны үшін марапатталды.

 Жасақтар жарысқа қатысты

«Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының штабы Халықаралық жастар күніне орай жасақ жауынгерлері арасында шағын футболдан турнир өткізді.

Жастарды спортқа баулу, олардың бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жарысқа 5 команда қатысты. Облыстық «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусин жасақ жауынгерлері арасында жыл сайын  футболдан және волейболдан турнир ұйымдастырылып тұратынын айтты.

Жарыс қорытындысы бойынша биылғы «Жасыл ел» кубогы Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің оқушыларынан құрылған командаға бұйырды. 2-орынды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жастары, 3-орынды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің командасы алды.

Айта кетейік, облыс бойынша биылғы еңбек маусымына 3500-ден астам жас  тартылды. «Жасыл ел» жасақтары облыстың барлық аудандарында  құрылып, жұмыс жасап жатыр. Әйтеке би, Қобда, Мәртөк, Шалқар, Ойыл, Темір аудандарында жастар орман шаруашылығы бағытында жұмыстар жасап жатса, қалған 6 ауданның жастары туған жерін абаттандыруда.

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының үздіктері қосымша марапатталатын болады. Маусым қорытындысы бойынша ең үздік жұмыс жасаған жастарға Нұр-Сұлтан қаласына баруға жолдама беріледі.

Бүгінде Ақтөбе облысында 14 пен 29 жас аралығындағы 174 063 жас бар, бұл өңір халқының 19 пайызын құрайды. Оның ішінде қала жастары — 91 618 болса, ауыл жастары — 82 445.

 

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

/aqtobegazeti.kz/