Пятница, Март 29, 2024
Басты > Абай > «Абай мұрасы» көрмесі ашылды

«Абай мұрасы» көрмесі ашылды

№1 Абай атындағы Ақтөбе қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен  «Абай мұрасы» көрмесінің ашылуы өтті.

Шараға ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Абай мұрасы» орталығының директоры, профессор Абат Пангереев, аталған кітапхана ұжымы мен оқырмандар қатысты.

Алдымен кітапхана меңгерушісі Сандуғаш Амангелдина оқырмандарды №1 Абай атындағы қалалық кітапханасының тарихымен таныстырды.

«Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында кеш қонағы Еркін Құрманбек өзінің жеке 100-ге жуық кітабын кітапханаға тарту етті.

Абат Пангереев аталған университетте Абай Құнанбайұлына арналған бұрыш бар екенін айтып, ұлы ақынның шығармашылығы туралы ой қозғады.

— Абай — қазақтың рухани кемеңгері, ойшылы, білім мен бостандық жолындағы қажымас күрескері.  Оның шығармаларына зер салсақ, үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін аңғарамыз. Ал ілгерілеудің негізі — білім мен ғылымда екені анық. «Ғылым таппай мақтанба» деп білімді игеруге үндесе, «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге», — деп өнегелі өсиет қалдырды. Әр адам осы тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек, — деді ол.

Бұл күні қалалық кітапхананың қызметкерлері «Нұрдәулет» сауда орталығы жанындағы және Абай даңғылы бойында орналасқан «Абай» ескерткіштеріне  барып, гүл шоқтарын қойды.

 

/aqtobegazeti.kz/