Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Біздің түлектер — біздің мақтанышымыз!

Біздің түлектер — біздің мақтанышымыз!

Еліміздің ғылым саласының дамуында ер адамдармен қатар өзіндік үлесін қосып жүрген әйелдер қауымы да бар. Солардың бірегейі Закарья Күнсұлу Дальтонқызы.

Күнсұлу Дальтонқызының ел болашағы үшін атқарып жүрген елеулі істері өте көп. Оның биотехнология, биоқауіпсіздік және микробиология саласында 200-ден астам ғылыми жобалары бар, оның ішінде 22 халықаралық жобаны қамтитын 10 ғылыми-техникалық бағдарламаға басшылық етті. Сонымен бірге биологиялық қауіпсіздік саласындағы үш ғылыми-техникалық бағдарламаның жетекшісі. Ғылым саласының сара жолын таңдаған Күнсұлу Дальтонқызының жетістіктері мұнымен де бітпейді. Дүниежүзілік банктің Технологияларды коммерцияландыру бағдарламалары бойынша өткен байқаудың екі рет жеңімпазы атанды. Биология ғылымдарының докторы, жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі Күнсұлу Закарьяның қаламынан туындағын 200-ден астам ғылыми мақаласы, 25 өнертабыс және 7 монографиясы бар.

Қазіргідей елді ауыр індет жайлап тұрған кезде де Күнсұлу Дальтонқызы халық пайдасы, денсаулығы үшін аянбай еңбек етуде. ҚР БҒМ Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болғандықтан, оның басшылығымен Qazcovid-in коронавирустық инфекцияға қарсы отандық вакцина әзірленіп келеді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана халқымыз. Елді жайлаған індеттің алдын алудың жолы сақтық шараларымен қатар, екпе алу екендігі баршамызға аян. Сондықтан осындай жауапкершілігі жоғары салада қызмет атқарып, халықтың амандығы үшін аянбай тер төгіп жүрген қазақ қызының қызметі ерлікпен пара пар. Осы ретте Күнсұлу Закарьяның Жұбанов университетінің түлегі екендігін зор мақтанышпен айта кетсек болады. 1989 жылы химия және биология мамандығы бойынша қара шаңырақтан дипломын қолына алып, үлкен өмірге қадам басқан Күнсұлу Дальтонқызы бүгінде оқу орнымыздың ғана емес, ел мақтанышына айналып отыр.

Күнсұлу Закарьяға алдағы уақытта еңбегіңіз жана берсін деген тілек білдіреміз!