Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Ғалымдар екі аталым бойынша грант иелене алады

Ғалымдар екі аталым бойынша грант иелене алады

Қазір «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына үміткерлерден өтінімдер қабылданып жатыр. Журналистік сауалдамадан біршама ғалымның дәл осы грантты олардың да алуына болатынынан бейхабар екенін білдік. Сонымен бұл қандай конкурс, оған ғалымдар мен зерттеушілер қалай қатыса алады?

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуел­сіз­дік бәрінен қымбат» атты мақала­сында Тәуелсіздік жылдары дүниеге кел­ген дарынды жастарға нақты қолдау ре­тінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажеттігін айтқан еді. Президенттің осы тапсырмасын іске асыру мақсатында конкурстың ұйым­дас­тырушысы ретінде Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі 2021 жылдың 8 шіл­де­сінде Үкімет қаулысымен «Тәуелсіздік ұр­пақтары» грантын тағайындау бо­йынша ережелері мен тұжырымдамасын бе­кіт­ті. Бұған дейін аталған ведомствоның жа­нындағы Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте: «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан тәуел­с­іздіктің бүгінгі ұрпақтары – біздің ер­теңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. 30 жыл­дық тарихы бар Тәуелсіз Қазақстанның мем­лекеттік саясатында да жастарды қолдау және адами капиталды дамытуға басымдық беріледі. Қазіргі таңда еліміздегі Тәуелсіздік ұрпақтары 3,8 млн немесе ел халқының 20%-ын құрайды. Биыл алғаш рет Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай үздік 30 жобаға 3 млн теңгеден «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант бе­рі­ле­ді. Еліміздің 14-29 жас аралығындағы барлық азаматтарына арналған бұл грант бел­сенді шығармашыл жастардың жобаларын, бас­тамаларын іске асыру, қолда бар жобаларды дамыту, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу және жас­тарды оқыту үшін пайдалануға беруді көздейді», деген бо­латын.

Еліміздің нормативтік құқықтық актілері жария­ланатын «Әділет» ақпараттық-құ­қық­тық жүйесінде «Тәуелсіздік ұрпақ­тары» грантын тағайындаудың ережелері көр­сетіліпті. Құжаттың 1-тарауы, 6-тар­ма­ғында гранттың Қазақстан азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде бірнеше бағыт бойынша берілетіні, соның ішінде «Ғылым» бағытында ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналғаны жазылған.

Ғалымдар мен зерттеушілердің, отан­дық өнертап­қыштардың осы конкурсқа «Ғылым» бағыты бойынша қатыса алатыны белгілі. Дегенмен тағы бір бағыт бо­йынша жобасын конкурсқа өткізуіне болады. Айталық, гранттың ережелерінде «Ғылым» бағытынан бөлек «Бизнес» деп аталатын бағыты да бар. Ал өнертабыстың, ғылыми ізденістің, зерттеудің нәтижесінде жасалған бизнес жоба басқа идеялардан әлдеқайда табысты, өнімді болатыны анық. Осы ретте ғалымдар мен зерттеушілер өзі­нің ғылыми өнімін өмірге әкелу үшін грант алып, идеясын бизнес жоба ретінде іске асы­ра алады.

Енді гранттық конкурстың шарттары мен талаптарына келсек. Грантты 14-29 жас аралығындағы жастар иелене алады. Биыл грант иегерлерінің әрқайсысына 3 млн теңге тағайындалады. Конкурс негізінде барлығы 30 грант бөлінеді. Грант қаржысы бір жылға ғана беріледі. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде уәкілетті орган конкурстық өтінімдерді қабылдайды. Қабылдау өткен айдың 19-ынан басталды, бұл процесс алдағы қыркүйек айының 20-сына дейін жалғасады. Ал екінші кезеңде жеңімпаздар анықталады. Жеңімпаздар конкурсты ұйымдастырушы ведомство құрған арнайы конкурстық комиссияның отырысында іріктеліп, белгілі болады. Конкурстық комиссияның отырыстары минис­тр­ліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында онлайн режімде өтеді.

Үміткер өтінімді мемлекеттік немесе орыс тілінде өткізе алады. Ең алдымен жобаның сипаттамасы берілуі тиіс. Онда жобаның атауы мен бағытынан бастап ұсынылып отырған аудиториясы, миссиясы, өнімі, сметасы мен іске асыру географиясына дейін көрсетілуі керек. Сонымен қатар жобаның 1 минуттан аспайтын видео таныстырылымын әзірлеп, қоса жолдауы тиіс. Бір жылға берілетін грантты иеленуші әр үш ай сайын жобаның іске асырылу барысы туралы есепті уәкілетті органға ұсынып отырады. Грант қаражатының басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, уәкілетті орган грант алушыны жазбаша хабардар етеді. Хабарландыру жіберілген күннен бастап бір ай ішінде грант алуға қаражатты мемлекетке қайтаруы қажет. Жоба іске асырылмаса да грант қаражаты қайтарылмайтын жағдайлар бар. Бұл туралы конкурстың ережесінде:

«Қаражат:

1) грант алушы қайтыс болған;

2) грант алушы хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған;

3) грант алушы іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайларда (растайтын құжаттар болған кезде) қайтарылмайды», делінген.

Үміткерлердің өтінімі қағаз нұсқа­сы Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел 8, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимара­ты­ның 14-кіреберісінде, ал электронды нұсқасы generation.kaz@gmail.com пошта­сында қабылданады. 8 (7172) 74-05-25, 8-705-822-33-33 байланыс нөмірлері ар­қы­лы хабарласып, сұрақтарға жауап алуға болады.

/egemen.kz/