Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мәртебелі мереке құтты болсын!

Мәртебелі мереке құтты болсын!

Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 26 жыл толды. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның іргесі мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекет екендігін танытқан еліміздің басты құжаты қабылданған болатын. Содан бері Ата заңымыз қабылданған күн мемлекеттік мереке болып аталып келеді.

Халықтың еркіндігін айшықтайтын бұл құжат 9 тарау, 98 баптан тұрады. Алғашқы бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары жоғары бағаланған мемлекеттің ғана іргетасы берік қаланатыны сөзсіз. Біздің еліміз осындай қағидаларды берік ұстанған зайырлы мемлекет. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді.

Ата заңымызбен қатар мемлекеттік рәміздеріміз Елтаңба, Туымыз бен Әнұранымыздың бекітілуі, ұлттық валюта-теңгенің енгізілуі еліміздің қалыптасуының аса маңызды кезеңдері. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің өткен жылдардағы бір Жолдауында «… саяси жаңару процесі ең әуелі биліктің заң шығарушы тармағының саяси беделін күшейтуді талап етеді. Мұны қолданылып жүрген Конституцияның шеңберінде атқарған жөн және солай істеу қажет. Конституцияның әлеуеті әлі де толық пайдаланылып біткен жоқ» деген болатын. Конституция – қазақ елінің мызғымас алтын қазығы, кемел келешегіміздің кепілі!
Әрбір Қазақстандық азамат Ата заңның өзі және отбасы үшін мәнділігін бағалай біліп, құқықтарын қорғап, міндеттерін бұлжытпай орындауы маңызды. Конституция басты құндылық – Тәуелсіздік пен тұрақтылықты, бейбітшілікті ғасырларға бекітті. Сондықтан Конституция күні біз үшін қасиетті күн.
Барша Қазақстандықтарды мәртебелі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әркез еліміздің іргесі берік, ата заңымыздың тұғыры биік болсын!

 

Ізгі ниетпен:

Жұбанов университеті ректорының

міндетін атқарушы, профессор

Рахым БЕКНАЗАРОВ