Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > «Екінші конституцияда екі «жұмсақ төңкеріс» жасалды. Ол тұрақтылықты сақтаудың жолы еді»

«Екінші конституцияда екі «жұмсақ төңкеріс» жасалды. Ол тұрақтылықты сақтаудың жолы еді»

1993 жылғы алғашқы Ата Заңымыздан кейін іле-шала 1995 жылы екінші Конституцияны қабылдадық. Бұл қадамның мән-мағынасы не еді? Конституцияны өзгертуге қандай жағдайлар итермеледі? Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталымен осы сауалдар төңірегінде сұхбаттастық:

— Амангелді Әбдірахманұлы, қазіргі Ата Заңымыз 1995 жылы бүкілхалықтық референдумның нәтижесі бойынша қабылданды. Бұл — тәуелсіз еліміздің екінші Конституциясы. Оған дейін 1993 жылы қабылданған алғашқы Конституция қолданыста болды. Ал жаңа Конституцияны қабылдау қандай қажеттіліктерден туындады?

— Бірінші Конституция тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы көңіл күймен қабылданған еді. Жалпы, тек қазақ қана емес, КСРО ыдырағаннан кейін, бұрынғы республикалардағы тәуелсіздік алған байырғы халықтардың қай-қайсысы да эмоциялық жағынан асып-тасып, көп мақсатқа бірден қол жете қалатындай көрді. Діттеген меженің алыстығын, қиындығын, оның жолында кедергілердің бар екенін ойлап жатпады. Кейбір жас мемлекеттерде асығып жүріп, арандап қалған жағдайлар да болып жатты.

Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде біздің елімізде, әсіресе этнодемографиялық жағдай өте күрделі еді. Қазақтар өздерін «мемлекет құрушы» ұлт деп жариялағанымен, елімізде қазақтардың үлесі халықтың 41 пайызын ғана құрайтын. Халықтың қалған 59 пайызы, яғни басым бөлігі — басқа этностардың өкілдері. Мысалы, Орталық Азиядағы көршілес республикалардың жағдайы басқаша еді, оларда орыстардың үлесі аз, жергілікті халықтың саны басым болды. Сондықтан көп мәселені дау-дамайсыз шешуге болатын еді.

Ал біздегі өзге ұлт өкілдері «Қазақстан Республикасы — қазақ ұлтының мемлекеті» деген тұжырымды қабылдағылары келмеді. Тіпті 1991 жылы Тәуелсіздік туралы Декларацияны қабылдағанның өзінде оған 16 депутаттың қарсы дауыс бергенін ұмытпаңыз. Кеңестік идеология арқылы сіңірілген сана-сезімнің, психологияның бірден өзгеріп сала бермесі түсінікті де еді. Конституцияда былай деп көрсетілген болатын: «Өзін-өзі билейтін қазақ ұлты мемлекеттілігінің түрі ретінде Қазақстан Республикасы өзінің барлық азаматының құқық теңдігін қамтамасыз етеді». Қазақстанның — қазақ ұлтының мемлекеті екендігімен келіскілері келмей, «біз де — осы мемлекетті құрушылармыз», — деп, қарсы пікір айтушылар көп болды. Оның соңы шет-шегі жоқ айтыс-тартысқа ұласты. Ал кейбір аймақтарда сепаратистік топтар да бас көтергені белгілі. Мұны пайдаланып қалуға тырысатын сыртқы күштерден де қауіп бар еді. Сондықтан бұл мәселені бір жағына шығармаса, елдегі тыныштыққа, тұрақтылыққа, территориялық тұтастыққа қауіп төнетін болды. Екінші Конституцияда Қазақстан Республикасы тек қазақтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мемлекеті деген жаңа концепция алға тартылды. Бұл — бастапқы мұрат-мақсаттардан біржола бас тарту емес, тәуелсіздікті сақтап қалу жолындағы уақытша шегініс еді.

Әуелі ел ішінде қазақтың саны мен үлесінің көбеюі керектігі, содан кейін басқа мақсаттарды да қолға алуға болатыны ескерілді. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген сөз де алғаш рет сол бастапқы жылдарда айтылған сөз еді. Оны айтқан —көрнекті жазушы әрі мемлекет қайраткері, ұлтжанды, мемлекетшіл тұлға Әбіш Кекілбаев.

Алғашқы Конституцияда ұлттық идеяға басымдық берілген болса, енді ұлттық идея мен азаматтық идеяны үйлесімді біріктіру арқылы жалпыұлттық идея жасау көзделді. Қазіргі Конституцияның бұрынғы Ата Заңнан екі үлкен айырмашылығы, жаңалығы болса, соның бірі — осы. Жалпыұлттық идея еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіру, оларды біртұтас азаматтық және саяси қауымдастыққа айналдыру үшін қажет болды. 1995 жылғы Конституция: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып…» — деген жолдармен басталды. Тіпті осының өзінде «байырғы қазақ жері» деген тіркеске шүйлігушілер де болды. Бірақ, қалай болғанда да, Ата Заңымызда бұл тіркес сақталып қалды.

— Енді екінші айырмашылыққа тоқталсаңыз?

— Бірінші Конституция бойынша еліміз парламенттік-президенттік басқару нысанындағы мемлекет болды. Бұл Конституцияда: «Қазақстанның бүкіл халқы атынан билік жүргізуге өздерінің конституциялық өкілеттілігі шеңберінде республика Жоғарғы Кеңесі мен Президентінің ғана хұқы бар», — деп көрсетілді. Жоғарғы Кеңес — бірінші, Президент одан кейін тұрды, парламенттік-президенттік жүйе дегеніміз осы еді. Конституцияның 32-бабында: «Жоғарғы Кеңес — Қазақстан Республикасының бірден-бір заң шығарушы және ең жоғарғы өкілді органы болып табылады», — делінген. Президенттің алатын орнына келсек, 65-бапта: «Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттің басшысы болып табылады және республиканың атқарушы өкімет билігінің біртұтас жүйесін басқарады», — деп көрсетілген. Заң шығарушы билік — жоғары, атқарушы билік одан кейінгі орында еді. Маңызды лауазымдық қызметке тағайындалатын тұлғалардың кандидатурасын бекіту үшін міндетті түрде Жоғарғы Кеңес депутаттарының келісімі керек болды. Жоғарғы Кеңестегі депутаттардың саны 350-ден астам болатын. Сондықтан бұл жерде қандай мәселе төңірегінде де қызу талқылау, пікірталас жүреді. Депутаттардың бірі олай, бірі былай тартып, келісімге келуі оңайға соқпайтын. Ал тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында жас мемлекет үшін өткір тұрған, тез арада шешілуі керек мәселелер көп болды. Ол мәселелерді сөзбұйдаға салмай, кешіктірмей шешу үшін биліктің бір қолға өтуі тиімді саналды. Екінші Конституциядағы өзгерістерде осыны қамтамасыз ету көзделді. Ата Заңымызда бұл: «Қазақстан Республикасы — Президенттік басқару нысанындағы біртұтас ел», — деп атап көрсетілді. Сөйтіп, негізгі билік Президенттің қолына көшті. Әрине, қазір мұның екінші жағы да айтылып жүр. Бірақ ол — өз алдына бөлек, басқа тақырып. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдай тәртіпті, елдің басын біріктіріп ұстауды, тыныштықты сақтауды қажет еткенін ескерсек, сол қажеттілікке қарай өз уақытында бұл дұрыс қадам болды.

Батыстың сарапшылары екі Конституциядағы осы біз айтып өткен жағдайларды әлдеқашан талқылап, «Конституцияны ауыстыру арқылы 1995 жылы билік білдірмей «революция» жасады, аңқау жұрт оны сезбей, референдумда қолдап дауыс берді» — деген де пікір айтты. Меніңше, бұл — қате пікір. Халық бұл өзгерістің астарындағы негізгі идеяны түсінді, сол себепті қолдады. Халық та тыныштықтың, алауыздықтың алдын алудың, тұрақтылықтың жағында болды. Сондықтан қателескен жоқ.

Иә, қазір бұл мәселенің екінші жағы да айтылып жүр дедік. Барлық билікті бір қолда ұстаудың да осал, тіпті қауіп-қатерлі тұсы бар екенін айту — орынды. Еліміз қайтадан парламенттік-президенттік басқару жүйесіне көше ме? Ол мәселені жас ұрпақ шешеді. Қазіргі жас буын, өмірдің тізгінін енді қолға алған ұрпақ басқа: олар тәуелсіздіктің кезінде туып-өсті. Олар демократия дегеннің не екенін де, оның жауапкершілігін де түсінеді. Конституцияны, оның құндылықтарын сақтаудың маңызын да түсінеді деп ойлаймын. Ал «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген қағида ешқашан ескірмек емес.

— Қазіргі күні көпшілікті толғандыратын бір мәселе: елімізде ұлттық құндылықтарымыз бәрінен жоғары тұратын болса деген бастапқы мақсатымызға, ұлттық идеяға түбі қайта орала аламыз ба?

— Жалпыұлттық идеяда ұлттық идея мен азаматтық идея үйлесіммен жүреді, қатар ескеріледі дегенімізбен, бізде азаматтық қоғам құндылықтарына көбірек көңіл бөлінді. Сондықтан көпшіліктің көкейінде осы сауалдың тұратыны — түсінікті жайт.

Мысалы, тіл мәселесіне келейік. Бұл мәселеге байланысты бұрынғы одақтас республикалардың бірқатарында күрделі жағдайлар бар екенін баршамыз білеміз. Молдовада мемлекеттік тіл молдован (румын) тілі болып жарияланғанда, славяны басым Приднестровье халқы шошынып, олардан бөлініп кетті. Бүгінде бұл халықаралық мәртебесі жоқ, Ресейдің ықпалындағы аумаққа айналған. Украинадағы жағдай да белгілі. Елдің шығысында орыстілділер басым, ал батысы бұрынғы отарлаушылардың тілінен арылу керек дейді. Сөйтіп, ел екіге жарылды. Осы жағдайлар тіл мәселесінде қызбалыққа салынуға болмайтынын көрсетеді. Солтүстіктегі көршіміз кірпік қақпай бағып, ағаттық кетсе ешқандай әй-шайға қарамауға дайын отыр. Мұны ескермеуге болмайды. Тіл саясатын өте байыпты, байсалды түрде жүргізу керек. Және бұл мәселеде көкірек керуге, мақтануға да болмайды. Тіл мәселесінде даңғазаның мүлде керегі жоқ. Тілге әр отбасы өз ішінде мықты болуы керек. Конституцияда тілімізге мемлекеттік мәртебе берілген. Жылдан-жылға санымыз, соған қоса өз жеріміздегі үлесіміз артып келеді. Ал сан сапаға ауысады. Бір сөзбен айтқанда, бұл — түбі жеңіспен шешілуі қазақтың өз қолында тұрған мәселе.

Үкіметтегі лауазым иелерінің, мемлекеттік қызметкерлердің қазақша сөйлемейтініне шағым айтылып жатады. Бұл да — орынды сын. Бірақ қазіргі буынның орнын жас буын басады, қазіргі буын кеңестік тіл саясатының ықпалында өсіп, орысша оқығандардан құралса, кейінгі ұрпақ — қазақ мектебінде оқыған, ана тілінен бастап, бірнеше тілді қатар меңгерген жастар. Сондықтан буын алмасуымен бұл мәселе де шешіледі деп үміттене аламыз. Тек жастарға көбірек мүмкіндік беру, жол ашу керек. Мен тіліміздің болашағына сенемін.

Әрине, тарихымызды түгендеу, ұлттық мәдениеттің мәселелері де бар. Оның бәрі бірте-бірте шешіле бермек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қабылдануы бұл мәселенің назардан тыс қалмағанын көрсетеді. Жоғарыда айтқанымыздай, алдымен қазақтың саны өсуі керек, санымыз өскен сайын бұл мәселелер батыл түрде алға тартыла беретін болады.

— Біздің Конституцияны әзірлеу барысында Францияның тәжірибесіне сүйенгеніміз жиі айтылады. Осыған байланысты бұрын өзімізде заң болмаған, сондықтан өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенеміз дегендей пікір айтушылар бар. Бұл әділ пікір емес…

— Кезінде қазақты артта қалған, жабайы тірлік кешкен халық ретінде көрсетті. Сол ұғым, ұлттық нигилизмнің вирусы санада қалды, оны өзгертудің оңай емес екенін де уақыт көрсетіп отыр.

Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз бар. Хан — атқарушы билік болса, билер кеңесі — заң шығарушы, ал билер соты — сот билігі еді. Яғни ата-бабаларымыздың құрған бұрынғы мемлекеттерінде де бүгінгі өркениетті елдердегі секілді биліктің барлық тармағы болды, өзінің белгіленген қызметін атқарды. Алтын Орда да, Қазақ хандығында да заң үстемдігі, тәртіп мемлекеттіліктің, бірліктің тірегі болды. Жалпы, конституционализм ілімінде конституциялар жазылған және жазылмаған деп бөлінеді. Қазақтың заңдары жазылмағанымен, ел ішіндегі беделі жоғары болған. Заңнан аттамайтын, ауытқымайтын билерді халық ерекше қадірлеген. Халық тазалықты, әділдікті алдымен биден талап еткен. Тәуелсіздік алғаннан соң осының бәрі зерттелді, ізделді, «Қазақтың Ата Заңдары» деген атпен 10 томдық еңбек болып жарыққа шықты. Бұл — белгілі ғалым, марқұм Салық Зимановтың еңбегі. Оның ісін енді жастар жалғастырып, зерттеулерді тереңдете беруі керек. Халқымыздың Сөз құдіретіне, Заң құдіретіне басты құндылықтар ретінде сүйенгенін, Конституциямыздың тамыры, ең алдымен, өз Ата заңдарымызда екенін жас ұрпақ терең сезінуі үшін осы бағыттағы зерттеулерді үзбей жалғастыру керек.

 

 Сұхбаттасқан Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА