Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Баршамыз атсалысуымыз керек

Баршамыз атсалысуымыз керек

Мира БАЛТЫМОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

бас ғылыми хатшысы,

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты

Кеше Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, еліміздің алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Халықтың әл-ауқатын арттырудың әрдайым басты назарда болатыны айтылды.

Жолдауда қазір халықты алаңдатып отырған көптеген өзекті мәселелер қозғалды. Соның бірі — қымбатшылық мәселесі. Президент Үкіметке инфляцияны ауыздықтауды тапсырды. Соған сәйкес инфляция 4,6 пайыз деңгейінде болуы керек.

Қымбатшылықты ауыздықтаумен қатар, жалақының өсірілуі де маңызды. Президент осыған байланысты: «Ең төменгі еңбекақы көлемін қайта қарайтын күн келді деп ойлаймын. Бұл, бір жағынан, маңызды макроиндикатор деп есептеймін. Ең төменгі еңбекақы көлемі 2018 жылдан бері көтерілмеді. Әлемдегі коронадағдарыс халықтың табысына айтарлықтай зардабын тигізді. Ең төменгі жалақы деңгейі бойынша Қазақстан ТМД-ның бірқатар елдерінен төмен», — деді. Сондықтан 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сондай-ақ мәдениет қызметкерлері, қорықшылар, кітапханашылар мен көлік жүргізушілерінің жалақысын да 2022-2025 жылдар аралығында 20 пайызға арттырып отыруға тапсырма берді. Еліміз бойынша бұл 600 мың адамды қамтиды.

Мұғалімдердің, ғалымдардың, жоғары оқу орны оқытушыларының жалақысы алдағы уақытта да өсетін болады. Бюджеттік саладан бөлек, бизнесті де өз қызметкерлерінің жалақысын өсіруге ынталандыру көзделген. Үкіметке осы бағыттағы ынталандыру шараларын әзірлеуге тапсырма берілді. Өз еңбеккерлерінің жалақысын өсіретін жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болды. Бұл — өте дұрыс шешім.

Жұртты толғандыратын тағы бір маңызды мәселе — тіл мәселесі. Президент өз Жолдауында бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқ. Ол ана тіліміздің білім мен ғылымның, мәдениеттің тіліне айналғанын атап өтіп, «Қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын азаматтар қазақ тілін білуі қажет», — деді. Аса бай, шұрайлы тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, оны өзгелерге мәдениетті, көркем түрде насихаттап, еліміздегі татулықтың, бірліктің ұйытқысына айналдыру — біздің жас ұрпақ, ел болашағы алдындағы борышымыз.

Жолдауда алға қойылған мақсаттар, нақты белгіленген міндеттер баршамыздың жанашырлықпен атсалысуымыз арқылы ғана жүзеге асатын болады.

 

/aqtobegazeti.kz/