Среда, Май 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ашық әңгіме: Өмір жолын адам өзі таңдайды

Ашық әңгіме: Өмір жолын адам өзі таңдайды

Ғылым саласының дамуында ер адамдармен қатар өзіндік үлесін қосып жүрген әйелдер қауымы да бар. Солардың бірегейі Күнсұлу Закарья десек артық айтқандық емес. Күнсұлу Дальтонқызының ел болашағы үшін атқарып жүрген елеулі істері өте көп. Оның биотехнология, биоқауіпсіздік және микробиология саласында екі жүзден астам ғылыми жобалары, сонымен бірге қаламынан туындағын 25 өнертабыс және жеті монографиясы бар. 22 халықаралық жобаны қамтитын он ғылыми-техникалық бағдарламаға басшылық етті.

Ғылым саласының сара жолын таңдаған кейіпкеріміздің жетістіктері мұнымен де бітпейді. Ол – биологиялық қауіпсіздік саласындағы үш ғылыми-техникалық бағдарламаның жетекшісі, Дүниежүзілік банктің технологияларды коммерцияландыру бағдарламалары бойынша өткен байқаудың екі рет жеңімпазы, биология ғылымдарының докторы, жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі.  Қазіргі таңда QazCovid-in инактивтелген вакцинасын әзірлеуші ретінде елге танылды. Дүниежүзін мойындатқан ғалымның Жұбанов университетінің түлегі екендігі зор мақтаныш. Қарбалас жұмысына қарамастан танымал ғалыммен сұхбаттасудың сәті түсті.

Ең алдымен қазіргі таңда маңызды істердің басы-қасында жүргеніңізге қарамай сұқбат бергеніңізге алғысымыз шексіз. Сіздің Жұбанов университетінің түлегі екендігіңіз біз үшін зор мақтаныш.

Университетте оқыған  кездеріңізге тоқталып өтсеңіз? – — Университетте 1984-1989 жылдар аралығында Химия және биология факультетінде білім алдым. Оқуды үздік дипломмен аяқтадым. Оқу ордасында жүргенімде оқытушыларымның қолдауымен республикалық олимпиадаларға бірнеше рет химия пәнінен қатысып, тек қана жүлделі орындарға ие болып жүрдім. 1989 жылы Мәскеу қаласында өткен КСРО студенттерінің Бүкілодақтық олимпиадасында физикалық химия секциясы бойынша бірінші орын алғаным есімде.

Айырықша еске алатын ұстазыңыз кім еді?

– Әрине, студент кезімдегі дәріс берген оқытушыларымның әрбірінің орыны бөлек. Дегенмен ғылыми жетекшілерім – атақты саяси қайраткер Әлихан Бөкейхановтың інісі химия ғылымдарының докторы, профессор Бөкейханов Нұрым Райымжанұлы, химия ғылымдарының докторы, профессор Сарсенов Арыстан Мухамедұлы және химия ғылымдарының кандидаты Чмырь Инна Михайловнаның орыны айырықша. Профессор Н.Р. Бөкейханов және х.ғ.к. И.М.Чмырь КСРО-ға келгенге дейін көп жылдар бойы Новосібір Ғылым Академиясында жұмыс істеген.

Сізде осы қара шаңырақта еңбек еттіңіз?

Иә, бір жылдай уақыт экология кафедрасының профессоры болып жұмыс істедім. Сонымен қатар сапа менеджменті бойынша ИСО 9001 халықаралық стандарты бойынша университетті сертификаттауға дайындадым.

Қазіргі таңда індетпен күресу жолында сізде үлесіңізді қосудан шаршаған емессіз. QazCovid-in (QazVac) инактивтелген вакцинасын әзірлеуші ретінде вакцина жайында айтар ойыңыз қандай?

– 2020 жылғы мамыр айының ортасында бағдарламаны орындау барысында зерттеулердің алғашқы нәтижелерінің бірі ретінде «QazCovid-in®-in® – COVID-19-ға қарсы инактивтелген вакцина» препараты, тауарлық атауы QazVac – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында ресми тіркелді. Алматы қаласының Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының аумақтық филиалының фармакологиялық сынау зертханасының базасында БҚПҒЗИ-ында әзірленген COVID-19-ға қарсы қазақстандық инактивтелген QazCovid-in вакцинаның клиникаға дейінгі зерттеулері аяқталды.

Клиникаға дейінгі сынақтар зертханалық жануарлар ақ тышқан, теңіз тышқаны, сириялық атжалмандар, егеуқұйрықтар және макака-резус маймылдарында өткізіліп, оң нәтижелер алынды. QazVac вакцинасы артықшылықтары: вакцинадағы ақуыздардың толық жиынтығынан тұратын тұтасвирионды инактивацияланған вирус SARS-CoV-2-ге жоғары антиденеліқ жауаппен, сондай-ақ, вирустың басқа штаммдарына қарсы тұрақты иммунитеттің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Қазақстандық вакцина жоғары қауіпсіздік және төмен реактогенділікті көрсетті.

Отандық инактивтелген QazVac вакцинасына бес өнертабысқа патент берілді. Клиникалық зерттеулердің нәтижелері Lancet тобының жоғары рейтингті халықаралық журналында жарияланды.  QazVac  вакцинасы бойынша СК-Фармация мен 2 млн. доза өндіру жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. QazVac вакцина салдырғаннан кейін адам COVID-19 ауруына шалдықпайды, өйткені вакциналаудың негізгі мақсаты өзі – сол аурудың алдын алу болып табылады, яғни вакцинамен егілген адам ағзасында коронавирустық инфекцияға қарсы антиденелер түзіліп ауруға қарсы тұрушылық қасиет – иммунитет пайда болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаны қалай бағалады?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында QazVac вакцинасы клиникалық зерттеулер жүргізуге арналған кандидаттық вакциналар тізімінде. Барлық деректер клиникалық зерттеушінің тәуелсіз дәрігерлер тобымен есеп беру деректерінде келтірілген. ДДҰ «Status of COVID-19 Vaccines within WHO EUL/PQ evaluation process» тізіміне коронавирусқа қарсы QazVac вакцинаны қосу процесін біз өте белсенді түрде жүзеге асырудамыз.

Ғылыми-зерттеу институтыңыз туралы, өзіңіздің тікелей басқаруыңызбен қандай жетістіктіктерге қол жеткіздіңіз? – — Институт республиканың ветеринариялық вирусология, иммунология, молекулалық биология, микология, фитопатология және биологиялық қауіпсіздік саласындағы ірі ғылыми орталықтарының бірі болып табылады. Институтта медициналық мақсаттағы емдік-терапевтік препараттарды жасауға мүмкіндік беретін жасушалық биотехнологияны әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізіледі. Институтта үй және жабайы жануарлар мен құстардың, адамдардың індетті ауруларының қоздырушылары шоғырланған бірегей микроағзалар коллекциясы құрылды.

Қазіргі таңда институттың ғылыми зерттеулерінің деңгейі мен жетістіктері елімізде де, шетелде де белгілі. Институтта халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатылған. Атап өтсек, жануарлардың денсаулығын қорғау жөніндегі дүниежүзілік ұйым, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігі, Халықаралық ғылыми-техникалық орталық, Америкалық азаматтық зерттеулер агенттігі және сонымен қатар, Ресей, Австрия, Германия және басқа елдердің жетекші вирусологиялық орталықтарымен тығыз ғылыми байланыстар орнатылған.

БҚПҒЗИ шетелдердегі вакциналарды жеткізуші ретінде Кеден одағының тізіліміне және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің вакцина өндірушілер тобына енгізілген. Институт еліміздің биологиялық қауіпсіздігін ғылыми, техникалық және әдіснамалық қамтамасыз ету саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асырады. Институттың негізгі қызмет түрлері біздің елдің аумағында эпидемиологиялық, эпизоотиялық және фитосанитариялық салауаттылықты қамтамасыз ету үшін адамның, жануарлар мен өсімдіктердің жұқпалы ауруларын диагностикалаудың, арнайы алдын алу мен емдеудің заманауи құралдары мен әдістерін әзірлеу мен енгізуді ғылыми-әдістемелік сүйемелдеумен байланысты.

Бүгінгі күні институт құрылымына екінші және үшінші деңгейлі биологиялық қауіпсіздігі (BSL-2, BSL-3) бар 13 ғылыми-зерттеу зертхана, қосалқы технологиялық, ғылыми-ақпараттық, инженерлік-техникалық және әкімшілік-шаруашылық бөлімдері кіреді. Институтта медициналық және ветеринариялық вирусология, биологиялық қауіпсіздік, эпизоотология, иммунология, молекулалық биология, гендік инженерия, биохимия, биотехнология, микробиология және фитопатология бойынша мамандар жұмыс атқарады. Институтта қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы отандық вакциналардың 67 түрі әзірленді. БҚПҒЗИ ғалымдары құс тұмауына қарсы алғашқы отандық вакцинаны жасады «Қазақстан-15» вакцинаның арқасында құс басының 95%-ын сақтап қалды.

Шетелдік баламалардан үш есе арзан бағамен нодулярлық дерматитке қарсы вакцина әзірленді, республикалық бюджетті үнемдеу 4 миллиард теңгені құрады. Бруцеллезге қарсы жаңа векторлық вакцина жасалды, АШМ үшін түйе шешегіне қарсы 90 мың доза вакцина жасалды, таралуының алдын алды. H5N1 тұмауына қарсы адамға арналған «KazFluVac», H1N1 тұмауына қарсы адамға арналған «ReFluVac» отандық вакциналары, маусымдық тұмауға қарсы адамға арналған «KazFluVir» 3-валентті сплит вакцинасы әзірленді. COVID-19 ауруына қарсы алғашқы отандық инактивтелген QazVac вакцинасы әзірленіп, медицинаға пайдалануға жіберілді. Және COVID-19 ауруына қарсы тағы да басқа төрт түрлі вакцина әзірлену үстінде.

Өзіңіз түлеп ұшқан ұяда қазір көптеген жастар білім алуда. Оларға айтар ақыл-кеңесіңіз қандай?

Туған елі, халқы үшін аянбай тер төгіп еңбек етуі керек. Алдына үлкен мақсат қоя білуі қажет. Сол мақсатқа жету жолында әркез білімін жетілдіріп отыруы тиіс. «Білімді мыңды жығар» деген даналық сөз бар.

Жастардың ғылым жолына бет бұруы үшін оларға қандай қолдау қажет?

– Қазіргі уақытта жастарға білімін жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Назарбаев зияткерлік мектебі, Инновациялық лицей, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге барып оқу, осы секілді тізіп айтар болсақ өте көп мүмкіндік. Өмір жолын адам өзі таңдайды!

Ашық әңгімеңізге рахмет!


Сұхбатты жүргізген Жадыра АРЕН,
Жұбанов университетіндегі медиа
орталықтың маманы, Ақтөбе қаласы

 

https://bilimdinews.kz/?p=167064