Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетіне жаңа ректор тағайындалды

Жұбанов университетіне жаңа ректор тағайындалды

Ақтөбеге жұмыс сапары барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Жұбанов университетіне арнайылап ат басын бұрып, Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісіне қатысты. Ондағы мақсат — жоғары оқу орнының жаңа ректорын таныстыру.

«Осы университетке келудегі басты мақсат – кадр мәселесі. Конкурс жарияланып, Директорлар кеңесінің отырысында бұл мәселе бірнеше рет қаралды. Республикалық комиссияның шешімімен Лаура Қарабасова университеттің ректоры болып тағайындалды. Лаура Қарабасова М.Құсайынов атындағы дарынды балалар мектебін үздік бітіріп, одан кейін осы университетте білімін жетілдіріп, кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Уорик университетін тәмамдаған. Сонымен қатар Назарбаев университетінде білімін жалғастырып, сол университетте менеджер мамандығынан бастап, департамент басшылығына дейін көтерілді. Осындай дүниежүзілік деңгейдегі білімімен, біраз тәжірибе жинақтай отырып Лаура Чапайқызы өз университетіне жұмыс істейтін болады»-, деді министр сөзінде.

Лаура Чапайқызы өз кезегінде сөз алып, университет ректоры міндетін атқарып келген Рахым Бекназаровқа,  министр Асхат Аймағамбетовке, облыс әкімі Оңдасын Оразалинге алғысын білдіріп, артылған сенімді ақтайтынын айтты.

Лаура Чапайқызы төрт жыл бойы үш тілде білім берудің педагогикасы «Пән мен тілді кіріктіріп оқыту (СLIL)» тақырыбын зерттеген жас маман. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Сондай-ақ, Лаура Қарабасова жарияланымдық белсенділік нәтижелері бойынша 2021 жылғы рейтингтегі еліміздің үздік ғалымдарының қатарында (Scopus). Әлемдік ғалымдармен бірлесіп жазылған білім беруді трансформациялау кітаптарының авторы, «Білім және ғылым» бағыты бойынша Ұлттық Ғылыми кеңестің мүшесі болып табылады. Лаура Қарабасова — білім берудегі көшбасшылық және менеджмент саласындағы гуманитарлық ғылымдар магистрі, «Болашақ» бағдарламасының 2013 жылғы түлегі, Назарбаев Университетінің жоғары білім беру мектебі докторантурасының алғашқы қарлығаштарының бірі. Лаура Чапайқызы Жұбанов университеті тарихындағы ректор қызметіне тағайындалған екінші әйел адам. 86 жылдық тарихы бар қара шаңырақты 1948-1954 жылдары аралығында Баймухамбетова Зиада Мырзагелдиевна басқарған екен. Сонымен қатар, айта кету керек, Лаура Қарабасова тек университет тарихындағы ғана емес, Қазақстан бойынша тағайындалған ең жас ректор.