Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Асхат Аймағамбетов жұмыс сапарымен Ақтөбеге барды

Асхат Аймағамбетов жұмыс сапарымен Ақтөбеге барды

Бейсенбі, 9 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақтөбе облысына арнайы іссапармен келді, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен министр Асхат Аймағамбетов ең алдымен жұмыс сапарын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушылар қауымымен кездесуден бастады.

Министр білім ордасының ұжымына «Болашақ» бағдарламасының түлегі, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Назарбаев университетінің докторанты Лаура Қарабасованы ректор етіп тағайындап, ұжыммен таныстырды.

Айтып өтейік, министр Ақтөбенің тумасы, осы университеттің түлегі боп саналатын жаңа ректор Л.Қарабасованың қызметіне сәттілік тілеп, өңірлік университетті алға жылжыту бағытында зор сенім артылып отырғанын айтып өтті.

Содан кейін, министр Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде болып, «Жас маман» жобасының жұмысымен танысты. Колледжде көптеген жастар ауылшаруашылығы, мұнай және газ, электрмен жабдықтау бағытында білім алуда. Колледж студенттерінің шығармашылық жұмыстарымен танысып, іс-тәжірибесіне көз жіберген министр мемлекет тарапынан білім саласына жасалып жатқан қолдау тұрғысындағы жұмыстарға тоқталып өтті.

Министрдің жұмыс сапары Батыс шағын ауданында орналасқан «Білім» мектеп-гимназиясында жалғасты. Жеке кәсіпкердің қаржысына тұрғызылған жаңа нысанның ішін аралап көрген бас ұстаз заманауи талаптарға сай жабдықталған кластарға өзінің оң бағасын беріп өтті.

Жұмыс сапарының соңында министр А.Аймағамбетов өңір басшысы О.Оразалинмен бірге облыс әкімдігінде аймақтың білім саласының қызметкерлері, педагогикалық қауымдастығымен, мектеп директорларымен ұйымдастырылған кездесуге қатысып, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басымдықтарға тоқталды.

/egemen.kz/