Жұбанов университетіне Кассино және Оңтүстік Лацио (Италия) университетінің профессоры іссапармен келді.
Алессандро Фигус сапарының негізгі мақсаты — білім беру гранттық жобаларын дайындау, интернационалдандыруды дамыту және Италияның жоғары оқу орындарымен әріптестікте іске асырылатын бірлескен білім беру бағдарламаларын кеңейту. Италиядан келген профессор филология факультетінің оқытушыларымен кездесіп, олармен студенттердің халықаралық академиялық ұтқырлығы және қос дипломды білім беру бағдарламасы мәселелерін талқылады. Шетелдік ғалым ағылшын тілін жетік меңгерген университет студенттерінің Италияның жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға барлық мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.
Италиядан келген қонақтан басқа Zhubanov University-ге Быдгощ экономикалық университетінің профессоры, Еуропалық спорт және құтқару орталығының өкілі, Спорт және дене шынықтыру институтының директоры, Быдгощ экономикалық университетінің (Польша) канцлерінің ресми өкілі Александр Скалий де ат басын бұрды. Профессор Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жаңа ректоры Лаура Қарабасовамен кездесті. Кездесу барысында шетелдік әріптес басшыны жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына табыс тілеп, екі жоғары оқу орны мен елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үміт артатынын айтты. Сонымен бірге Александр Скалий қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан және академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысқысы келетін студенттермен әңгімелесті.