Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Озат оқушылар оқу ордамызбен танысты

Озат оқушылар оқу ордамызбен танысты

Бүгін университетіміздің тыныс-тіршілігімен, материалдық-техникалық базасымен танысу, жоғары оқу орны, оның мамандықтары жайында кеңірек мәлімет алу мақсатында Ақтөбе облысының аудандық мектептері мен қала мектептерінен барлығы 115 11-сынып оқушылары келіп, оқу ордамызда экскурсия жасады.

Оқушылар экскурсиясын «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығынан бастады. Орталық мамандары оқушыларды жұмыстарымен таныстырып, студенттерге қандай қызметтер көрсетілетіндігі жайында баяндады. Одан кейін оқушылар кітапхананы аралады. Кітапхана қызметкерлерінен көптеген ақпараттарды тыңдаған олар, сұрақтарын қойып, оларға тұщымды жауап алды. Кітапхана қорының бай екендігіне көз жеткізіп, электронды кітапхана қызметіне қызығушылық  танытты.

Оқушыларды келесі кезекте Конфуций институты күтіп алды. Олар университетте оқи жүріп, қосымша қытай тілін үйрену, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде білім алу мүмкіндіктерінің мол екендігін біліп, қазіргі уақыттағы жаңашылдық, заманауи білім, жастарға жасалған жағдайға тәнті болды.

Оқушылар экскурсия барысында «Құдайберген Жұбанов» атындағы конференц-зал, Студенттер сарайын аралады. Студенттер сарайында оқушыларға университет студенттерінің  белсенді өмірлерінен қысқаша бейнефильм ұсынылды. Кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы Жамиля Идиева презентация жасап, университет туралы оларға толық ақпарат беріп өтті. Университеттің әр факультет оқытушыларынан құралған кәсіби бағдар беру тобы да оқышулар қойған сұрақтарға жауап беріп, қызықтырған мамандықтары бойынша толық ақпарат берілді. Сондай-ақ, университет факультеттері мен мамандықтары жайында кеңінен жазылған брошюра мен буклеттер таратылды.

Одан соң экскурсия тобы Инновациялық технологиялар паркін тамашалап, зертханалар мен орталықтардың жұмысы барысымен танысты. Әсіресе, оқушыларды «Диатомит» жайындағы ақпараттар қызықтырып, оны қандай мақсаттарда қолдануға болатындығы жайында сұрады. Корей тілі орталығы, «Тарих, этнография және археология» орталығы, 3D моделдеуге оқыту, «Мектепке арналған физикалық құрал-жабдық және роботтық техника шығару», «Наноматериалдарды талдау», «Полимерлі композиттік материалдар», «Микроскопия», «Виртуалды академия», «Нанотехнологиялар», «Көлік ағымын зерттеу және басқару» зертханаларын аралап,  көптеген өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша мәліметтер алды.

Оқушыларға жетекшілік еткен «Әсем» оқу-сауықтыру лагерінің басшысы Қайрат Жангелдиновтің айтуынша, экскурсияға оқуда озат, үлгілі, дарынды, облыстық, республикалық олимпиадалар мен жарыстардың жүлдегерлері бас қосқан.

Айта кетуіміз керек, экскурсияны оқушыларға университетіміздің белсенді студенттері Әйгерім Кубекова, Әлия Қарымсақова, Альбина Алдрапековалар жүргізді.

Экскурсия барысында оқушыларды сөзге тартып, олардың бүгінгі шарадан алған әсерлерін сұрадық.

Әйтеке би ауданы Қ.Шаңғытбаев атындағы Қарабұтақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрдәулет Бердібаев:

—  Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйенуі керек деп есептеймін. «Шабытыңды шарықтат, сонда ғалам сен үшін бұрын қамал тұрған жерлерден жол ашады», — деп атақты ағылшын ойшылы Джозеф Кэмпбэлл айтқандай, адам шың жүрегімен қатты қалаған, талпынған ойы міндетті түрде жүзеге асады деп ойлаймын. Ол үшін  алға мақсат қоя білу қажет деп есептеймін. Ал жетістіктерге қол жеткізу үшін, әрекет етіп қана қоймай, қиялдауымыз да керек, жоспарлап қана қоймай, сенуіміз керек. Алға қойған мақсаттарым үшін еңбек етсем, сол мақсаттарым болашақта еліме пайдасын тигізетініне сенімдімін.

Менің мақсатым – оқуды ойдағыдай аяқтап, арманым – Жұбанов Университеті студенті атану,- дейді.

 

Ал  Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ақбота Бүркітбаева:

Менің ойымша, мамандық таңдау — тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау… Бұл — өте жауапкершілікті және маңызды іс екендігін білемін. Біз қазір сондай таңдау жасайтын жауапкершілікті кезеңнің алыс емес екендігін  білеміз. Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне экскурсия жасау барысында көптеген өзіме қажетті ақпарат жинақтадым. Менің толық таңдау жасауыма көмектесті десем де болады. Менің арманым – тіл маманы болу. Ана тілім. Елімнің биік болашағы. Алдағы уақытта мектепті ойдағыдай аяқтап, ҰБТ-дан жоғары балл жинасам, осы университетке филология факультетіне оқуға түскім келеді, — деп бөлісті ойымен.