Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жолдаудағы жүйелі реформалар талқыланды

Жолдаудағы жүйелі реформалар талқыланды

Ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауы еліміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттары айтылатын маңызды құжат болып табылады. 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік  негізі» атты Қазақстан  халқына Жолдауында одан  әрі даму жөніндегі бірқатар мәселелерді көтерді.

Осы мәселелерді талқылау бойынша Жұбанов университетінде  кездесу өтті.

Іс-шараға Жұбанов университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Лаура Қарабасова, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров, Басқарма төрағасы-Ректорының кеңесшісі, Ақтөбе облыстық корейлер қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Константин Цхай, бас ғылыми хатшы, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» депутаттық фракциясының мүшесі Мира Балтымова, Жұбанов университетінің оқытушысы, магистр Райбек Сағадатов, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының мүшелері мен ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Оқу ордамыздың басшысы Лаура Қарабасова Жолдауда қарастырылған ең үлкен мәселелердің бірі – білім сапасын арттыру, оның ішінде қашықтан оқыту жүйесін қалыптастыру, үздік оқушыларды университетке тарту, яғни кәсіби бағдарды жолға қою, педогог мамандарды даярлау жүйесін жаңарту мәселелері жайында айтып өтті.

Кездесу барысында кең ауқымды баяндамалар жасалды. Өз кезегінде Рахым Ағыбайұлы университетте білім сапасын арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, сонымен бірге әлеуметтік жауапкершілік мәселесінде студенттерге көрсетілген көмектермен жеңілдіктер жайын айтты.

Сондай-ақ, баяндама жасаған Константин Цхай қоғамдық қызмет, ұлттар бірлігі жайында баяндаса,  Мира Балтымова гендерлік теңдік, әлеуметтік мәселелер туралы кең ауқымды презентация жасады.

Райбек Сағадатов Жолдаудағы жастарға қатысты айтылған мәселелер төңірегінде тоқталып, жастар қалайша азаматтық позициясын білдіре алады деген бағытта сөз сөйледі.

Баяндамашылардан кейін кезек еркін микрофон уақытына берілді.

Іс-шара соңында  «Nur Otan» партиясының жаңадан қабылданған мүшелеріне партия билеттері табысталды.