Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Ерекше» балаларға білім беру — қоғам қажеттілігі

«Ерекше» балаларға білім беру — қоғам қажеттілігі

Жұбанов университеті Басқарма төрағасы-ректоры Лаура Қарабасова Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығының төрайымы Нурия Балтабайқызымен кездесті.

Іс-шараның негізгі идеясы – ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін жаңа форматтағы мамандарды, сонымен қатар инклюзивті білім беруге басшылық жасау мамандарын даярлау, осы сұрақтарды талқылайтын платформа құру.

Кездесуге сонымен бірге, Ақтөбе облысы бойынша үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясының президенті Айгүл Дүйсенова, «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Эльмира Суюншалина, қалалық мәслихат депутаты Сания Мұратова, «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Ерәділ Уббинязов, «Растемка» Ақтөбе облысы бойынша аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Салтанат Кенжибекова қатысты.

Кездесу кезінде сөз алған Нурия Балтабайқызы: «Мен өзімде ерекше баланың анасымын. Ата-ана ретінде балабақшадан бастап, мектепке, жоғары білім алуға дейінгі кездесетін қиындықтарды жақсы білемін. Қаншама бала қоғамнан тыс қалып отыр. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында кедергілер өте көп. Сондықтан экономика ғылымдарының кандидаты бола тұра, мүлдем басқа салаға кеттім. Шешілмей жатқан түйіні көп осы саламен 2018 жылдан бастап айналысып келемін. Қазір аутизм қауымдастығын басқарып отырмын», — деді.  Нурия Балтабайқызы тағы бір күрделі мәселе кадр тапшылығы екендігіне тоқталды. «Елімізде орталықтар ашылып жатыр. Бірақ мамандар жоқ. Елімізде бейімдеу спорт мамандарын даярлайтын бірде бір кафедра жоқ екен. Ал Ресей елінде мұндай мамандар жиырма бес жылдан бері дайындалып келеді. Бізде де бұл мәселені жүйелі жолға қою керек»,- деп атап өтті.

Эльмира Суюншалина университет базасында аталмыш мәселені тереңнен талқылап, шешімін табу жолдарын қарастыру мақсатында Ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру туралы ұсынысын жеткізді. Университет басшысы бұл ұсынысқа қолдау танытатындығын жеткізді. «Жұбанов университетінде мұндай ауқымды шараны өткізу – орынды. Университетте базасы қалыптасқан Педагогика факультеті бар. Дегенмен Сіздер секілді тәжірибелі мамандармен қоян-қолтық араласу білім сапасын нығайта түсетіні анық»,- деді оқу ордамыздың басшысы.

Кездесу соңында айтылған ұсыныстар бойынша алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаруға  жүйелі жоспарлар жасалды.