Білім алумен қатар қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген студенттер тобы Жұбанов университетінің басшысы Лаура Қарабасовамен жүздесті. Олар — университеттің студенттік парламент мүшелері, университет жанынан құрылған клуб, үйірмелердің төрағалары, факультет сенаторлары. Жалындап тұрған жастармен өткен жылы жүздесу ашық әңгіме, еркін сырласу форматында өрбіді. Кездесуге келген әрбір жас өзін таныстырып, Жұбанов университетін не үшін таңдағанын, бүгінгі таңда қандай қоғамдық жұмыс саласында жүргендігін, белсенді студенттік өмір оларға қандай мүмкіндіктерге жол ашатындығы жайында әңгімеледі.
Пікірлесу басталмас бұрын жиналғандар жақында ғана өмірден озған Экономика және құқық факультетінің оқытушысы Айнұр Тукешованы бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кездесу барысында университет ректоры Лаура Қарабасова студенттік жылдарында өзі де оқумен бірге белсенді өмірді қатар алып жүргендігін, студенттік өзін-өзі басқару ұйымының алғашқы төрайымдарының бірі болғандығын тілге тиек етті. «Сіздермен бүгінгі кездесудегі себебім — студенттердің дауысы, пікірі,ұсынысы мен үшін өте маңызды. Сіздерді қандай мәселелер толғандырады, университетіміздің ары қарай өркендеуіне қандай үлес қоса аламыз, қандай кемшін тұстарымыз бар осы мәселелер төңірегінде пікірлескім келеді»,- деп оқу ордамыздың басшысы жастарды ойын еркін білдіруге шақырды. «Мемлекет жастарға көптеген мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Егер осы мүмкіндіктерді жіберіп алмай, білімдеріңді, біліктіліктеріңді арттыратын болсаңдар болашақтарыңыздың жарқын болатындығы айқын», — деді университет ректоры.
Кездесуді Жұбанов университетінің студенттік парламент төрағасы Ернар Қонысбай жүргізіп отырды. Айта кетейік, университеттің студенттік парламенті құрамына факультет сенаты, студенттік мәжіліс кіреді. Онда университеттің факультеттерінен құралған ең белсенді студенттер жиналған. Университет КВН лигасы, спорттық үйірмелер, волонтерлер клубы, театр, дебат клубтары барлығы осы мәжіліс құрамында.
Жылы жүздесу соңы Coffee break-пен жалғасты.