Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Білім > Жеңіс тұғырына бір қадам

Жеңіс тұғырына бір қадам

Жұбанов университетінің 3 студенті Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары арасында өткен олимпиадада ең жоғары балл жинаған 11 студент қатарынан табылды.

Осылайша Әділ Ақдәулет, Лаура Балписова, Камиля Зинелгаппарова «Әлем елдерінің сайлау жүйелері» атты Қазақстан ЖОО студенттері арасындағы интернет-олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алды.

Іріктеу туры әлем елдерінің, ТМД мемлекеттерінің және Қазақстан Республикасының сайлау жүйелерінің негізгі түрлері мен ерекшеліктері туралы түсініктерді бағалауға бағытталған онлайн-тестілеу форматында өтті.

Интерактивті тестілеуге қатысу үшін еліміздің 37 жоғары оқу орнынан 354 студент тіркелген. Тестілеу қорытындысы бойынша ең көп балл жинаған 11 студент анықталды. Ендігі екінші тур – «үздік дебатер» байқауы  24 қыркүйекте өтеді.

Интернет-олимпиада демократияны, парламентаризмді дамыту және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарын сақтау мониторингінің халықаралық институты бастамашылық еткен және Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп ұйымдастырылатын халықаралық жобаның ұлттық кезеңі болып табылады.

Интернет-олимпиаданың жеңімпазы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өтетін  «Жастар парламентаризмі ТМД елдерінің тұрақты саяси дамуы мен әріптестігінің негізі ретінде» халықаралық жастар мектебіне қатысатын болады.