Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде күйші-композитор Бақыт Басығараев атындағы кабинет ашылды

Жұбанов университетінде күйші-композитор Бақыт Басығараев атындағы кабинет ашылды

Бүгін Жұбанов университетінде күйші-композитор Бақыт Басығараев атындағы кабинеттің ашылу шарасы өтті. Кабинеттің ашылу салтанатына университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, Ақтөбе облысының Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы басшылығы, қаладағы өнер мекемелерінің өкілдері, зиялы қауым, марқұм  Бақыт Басығараевтың балалары мен туыстары қатысты.

Алғаш сөз кезегін алған университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі  проректоры Нұржан Бердібаев жастардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру үшін мұндай игі шаралардың жүзеге асуы маңызды екендігіне тоқталды. Келесі сөз кезегі Ақтөбе облысының Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызына берілді. Ол Бақыт Басығараевтың ұлттық мәдениетіміздің дамуында қосқан үлесі зор екендігін айта келе, университетте сол кісіге арналған кабинеттің ашылуы жастарға үлгі – өнеге болатынын алға тартты.

Күйшінің ұлы Құрманғазы атындағы Ұлттық концерваторияның профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Бақытұлы әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті. «Әкенің орны әркез биік. Уақыт өте келе әке тіпті асқар тау секілді биіктей береді екен. Әкем күйлерім кейінге ұрпаққа мұра болып қалса екен деп армандайтын.  Бүгін сол әкемнің арманы орындалған күн деп есептеймін. Әкемнің күйлері, ол кісі жайлы жазылған кітаптар барлығы кабинетке қойылды»,- деді өз сөзінде.

Кабинеттің лентасын қию рәсімін Бақыт Басығараевтың баласы Ерсайын Бақытұлы және университеттің проректоры Нұржан Бердібаев жүргізді.

Кабинет 20 орынға арналған. Бұл кабинетте кәсіби-шығармашылық факультетінің «Музыкалық білім» мамандығы студенттерінің практикалық сабақтары өтетін болады. Кабинетте Бақыт Басығараевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы деректер, фотошежіре, кітаптар қойылған.

Кабинеттің ашылу салтанатында сондай-ақ, Бақыт Басығараевтың, Қазанғаптың  күйлері орындалып, республикалық,  облыстық айтыстардың жеңімпазы, университет түлегі Самғар Орынбай арнау арнады.