Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары жалғасуда

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары жалғасуда

Жұбанов университетінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырысқа өңірлік комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, Полиция департаментінің өкілі, облыстық мемлекеттік архив, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қатысты.

Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова төрағалық етті. Ол «Бүгінгі күн тәртібінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелерінің архивтерде жүргізген жұмыстары қаралады. Комиссия өз жұмысын бастаған болатын. Нәтижелер де жоқ емес. Бірақ алда көптеген міндеттер де бар»,-дей келе, сөз кезегін баяндамашыларға берді.

Қазіргі таңда жұмыс тобының мүшелері Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві мен Полиция департаментінің архивінде бекітілген 9 бағыт бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде облыстық мемлекеттік архив және Полиция департаменті архиві материалдарынан 840 адамның тізімі анықталып, ақтау үшін мемлекеттік комиссияға жолданған.

Комиссия жұмысы белгіленген ереже мен әдістемеге сәйкес жүзеге асырылуда.

Отырыс барысында комиссия мүшелері архивтерде жүргізілген зерттеу жұмыстары туралы  айтты. Сонымен бірге ұсыныс-пікірлер талқыланды.