Вторник, Октябрь 26, 2021
Басты > БАҚ біз туралы > Бақыт Басығараевқа арналған кабинет ашылды

Бақыт Басығараевқа арналған кабинет ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде күйші, композитор Бақыт Басығараевқа арналған кабинет ашылды.

Кабинеттің ашылу салтанатына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Юнисова бастаған мәдениет саласының өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, күйшінің ұрпақтары қатысты.

Шарада алдымен университеттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Нұржан Бердібаев сөз сөйлеп, күйшіге арнап кабинеттің ашылуы оған деген құрметтің белгісі екенін, алдағы уақытта бұл кабинетте оқу орнының «Музыкалық бөлім» мамандығының студенттеріне дәріс оқылып, практикалық сабақтар өтетінін жеткізді.

Бұдан кейін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова күйшінің осы өңірден шыққан тума таланттардың ішіндегі

көрнектісі, Қазанғап мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізушілердің бірі екенін атап өтті.

  • Бүгінгі жастар атамыздың шығармаларын, әуендерін жаңаша орындап, әртүрлі байқауларда насихаттап жүр. Біз осындай талант иесімен мақтанамыз. Бүгінгі

дарабозымызға арналған кабинет құтты болады деп сенеміз. Атамыздың жолын жалғастыратын өнерлі жастар көп болсын! — деп тілегін білдірген басқарма басшысы музыкалық білім кафедрасының ұжымына «Ақжелең» байқауы аясында шығарылған кітаптарды естелікке сыйға тартты.

Шарада күйшінің баласы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Басығараев әкесіне арнап кабинет ашып жатқан оқу орнының басшылығына ризашылығын жеткізді.

— Бүгін сіздерге де, бізге де ерекше қуанышты күн. Себебі әкемізге осынау үлкен білім ордасында арнайы кабинет ашылып отыр. Әке қашан да асқар тау, сол себепті

әрдайым әкемізді сағынышпен еске аламыз. Өмірден өтсе де асқар тауымыз биіктей береді. Бүгін біз осы шараға арнайы келіп, көптеген зерттеулер,еңбектер, бейне, аудио деректер әкеліп отырмыз. Әкеміздің арманы күй өнерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, ұлттық өнерді ұлықтау болса, бүгін, міне, сол әкеміздің арманы орындалып отыр. Сондықтан осы игілікті істі жүзеге асырып отырған университет басшылығына отбасымыздың атынан алғысымды айтамын, — деді ол.

Шара соңында университеттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Нұржан Бердібаев пен күйшінің ұлы Ерсайын Басығараев кабинеттің лентасын қиып, көпшілік

күй өнерін насихаттаған белгілі тұлға туралы естеліктер айтты.

Айта кету керек, Бақыт Басығараев Ақтөбенің мәдени өміріне белсене араласып қана қоймай, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына арнайы шақыртумен барып, студенттерге Қазанғаптың күйлерін үйреткен. Ол — Қазанғап мұрасын тірнектеп жинап, кейінгі буынға мәнерін бұзбай жеткізе білген күйші.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

/aqtobegazeti.kz/