Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тарихтағы ақтаңдақтар әлі ашылған жоқ

Тарихтағы ақтаңдақтар әлі ашылған жоқ

Өткен жұма күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың төрағалығымен ұйымдастырылған басқосуда бірқатар мәселелер қаралды.

Аталған шараға өңірлік комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ облыстық полиция департаменті, мемлекеттік архив, тарихи-өлкетану музейінің өкілдері қатысты.

Қазіргі таңда жұмыс тобының мүшелері барлығы 9 бағыт бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде облыстық мемлекеттік архив және полиция департаменті материалдарынан 840 адамның тізімі анықталып, оларды ақтау үшін қажетті сұранымдар мемлекеттік комиссияға жолданды.

— Комиссияның бүгінгі отырысының күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралатын болады. Ол — саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелерінің архивтерде жүргізген жұмыстарын қарау.

Біз ұйымдастыру шаралары бойынша мәселелерді шешуге тырыстық. Күн сайын хабар алысып отырмыз. Ол жағынан ешқандай кедергі жоқ, — деп бірінші боп сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусіноважұмыс тобының құрамы білікті мамандардан тұратынын атап өтті.

Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров: «XX ғасырдың 20-30 жылдары кеңес билігі нық орнап, діни сауаты жоғары тұлғалармен күреске мықтап кірісті. Антидіни ұйымдар құрылды. Солардың бірі — Қазақстан аймақтық комитетінің жанындағы «уағыз-насихат» бөлімін айтуға болады. Бұл бөлім нақты ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізген, арнайы әдістемелік құралдар дайындаған және әр өңірге нұсқаулар берген. Мысалы, Орталық комитеттің шешімімен 18 жасқа дейін діни білім алуға тыйым салынып, қазақ қоғамынан мұсылмандық діни басқарманы ажырату, діни қайраткерлердің жұмысын тоқтату жүргізілген. Жалпы, ислам дінін теріс түсіндіру белең алған», — деді ол.

Қудалауға ұшыраған қайраткерлерді ақтау бойынша жұмыстардың әлі ауқымды екенінжоғарыда аталған университеттің кафедра меңгерушісі, тарихшы Жібек Бегімбаева, т.б. баяндамашылар тілге тиек етті.

Отырыс барысында комиссия мүшелері архивтерде жүргізілген зерттеу жұмыстары туралыпікір алысып, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Соңында комиссия төрағасы облыстық ішкі саясат басқармасына архив материалдары мен комиссия мүшелерінің ғылыми еңбектері негізінде жинақ әзірлеп, құрбандар жаппай жерленген орындарды архив құжаттарын басшылыққа ала отырып, ғылыми дәйектеуді тапсырды. Ал облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына Түйетөбе ескерткішінің маңына сенбілік жұмыстарды өткізу, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген орындарды туристік бағытқа қосу бойынша ұсыныстарды дайындау міндеттелді.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

/aqtobegazeti.kz/