Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ізгілікке ұмтылғандар

Ізгілікке ұмтылғандар

Облыстық жастар ресурстық орталығының мәліметінше, облыс көлемінде 161 волонтерлік топ жұмыс жасайды. Бұл топтарда 5000-ға жуық ерікті бар. Оның 63 пайызы — әйел, 37 пайызы — ер адамдар.

Топтардың әрқайсысының өзінің атқаратын міндеттері мен бағыттары айқындалған. Мәселен, бірі қайырымдылық бағыттарымен айналысса, тағы бірі полиция қызметкерлеріне, басқасы экологтарға көмектеседі.

Еріктілер қатары көбейіп келеді

Қатарына облыстың белсенді жастарын жинап, олармен түрлі бағыттағы жұмыстар атқарып, бос уақытын тиімді пайдалануға бейімдеп жүрген ұйымдардың бірі — «Волонтерлер лигасының» Ақтөбе облыстық филиалы.

Аталған ұйымның ашылғанына екі жыл толды, қазіргі таңда волонтерлер лигасында 400-ге жуық студент пенмектеп оқушысы бар. Ұйымның жетекшілері күнделікті қаладағы оқу орындарын аралап, волонтерлік брендті қалыптастыру мақсатында жастар арасында кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде ұйымға қосылушы жастардың, яғни волонтерлердің қатары күннен- күнге көбейіп келеді.

— «Волонтерлер лигасының» басты мақсаты — қоғамдағы шараларға қатысып, қайырымдылықпен айналысып қана қоймай, волонтерлік брендті қалыптастыру және ұйымның әр мүшесінің өсіп-дамуына көмектесу. Осы орайда ұйым мүшелері үшін аптасына 2-3 рет түрлі тақырыптағы семинар-тренингтер, облысымыздың қоғам белсенділерімен кездесулер ұйымдастырылып отырады. Аталған шаралар нәтижесінде жастардың бойында қоғамға деген оң көзқарас қалыптасады, —  дейді ұйым жетекшісі Зүльфия Сабырқызы.

Волонтерлер лигасының мүшелеріәсіресе қаламыздағы қарттарға көмектеседі. Мәселен, қыздар үй жинап, тазалық жұмыстарымен айналысса, ер-азаматтар жағы ауладағы шаруашылықпен айналысады. Әсіресе жалғыз тұратын қарттарға апта сайын ауысып, кезекпен тұрақты түрде барып тұрады. Жақын арада волонтерлер өмірдің қиын жағдайына тап болған жалғызілікті әженің үйінің төбесіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көмектескен болатын. Бұл туралы біздің «Ақтөбе» газетінің өткен сандарында жазылды. Сонымен қатар волонтерлер мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларға тұрақты түрде азық-түлікпен көмектесіп тұрады.

«Волонтерлер лигасының» мүшелеріболашаққа үлкен жоспар құрып, қазіргі таңда сол бағытта белсенді жұмыс атқаруда.

Олар қоғамда мейірімді жандар көп болса,  әлем де нұрлана түсетініне сенімді.

Серуендеп жүріп қаланы тазартады

Қайырымды жастардың тағы бір тобы — «Жұбанов жылуы». Атына заты сай топтың мүшелері мұқтаж жандарға көмектесіп қана қоймай, Ақтөбе қаласының тазалығына да ерекше үлес қосып жүр.

«Жұбанов жылуы» еріктілер тобының жетекшісі Әйгерім Сафиеваның айтуынша, аталған топтың құрылғанына желтоқсанда екі жыл болады.

— Біздің топтың  еріктілері көмекке мұқтаж жандардың ауласын тазалайды, қайырымдылық турнирлерін өткізеді. Арасында қаланың әр аймағында эко-сенбіліктер өткізіп тұрамыз. Атап айтсақ, жақында Шайзат әженің үйінің ауласын тазалап бердік, біраз әңгімелестік. Жақында біздің топтың бастамасымен өзіміздің оқу орынында әлеуметтік дүкен ашылды. Енді жиналған киім-кешектерді тұрмысы төмен отбасыларға таратамыз. Алда келе жатқан қарттар күніне де жоспарымызбар, — дейді топ жетекшісі.

Бірнеше бағытта жұмыс жасайтын топтың «Eco ARSU» деген бөлімі бар, мұнда экологиялық мәселелерге бейжай қарай алмайтындар бас қосқан.Жыл сайын аталған топтың еріктілері «Таза қала — таза жағалау» акциясына қатысып,экологияның жақсаруына өз үлестерін қосып жүр.Мұнда экобелсенділер Елек өзенінің жағасын тазалап,қоқысты сұрыптап және қалдықтарды бөлек жинап, орталығына апарып тапсырады.

Сондай-ақ «Eco ARSU» еріктілері «Таза әлем өзіңнен басталады» деген эко-хантер ойынын жиі ойнайды екен.

— Көңілді әрі тиімді ойынның шарты бойынша волонтерлер серуендеп жүріп, айналасындағы қоқысты жинауға тиіс. Осылайша ісімізбен қала тұрғындарына үлгі бола отырып, айналымызды таза ұстауға шақырамыз. Біздер қоқысты сұрыптап, жинап, тиісті мекемелерге тапсырумен айналысамыз. Осыған орай енді біз өз оқу орнымыздан «Жасыл кеңсе» ашқалы жатырмыз, — дейді «Жұбанов жылуы» еріктілер тобының  жетекшісі Әйгерім Сафиева.

Полиция қызметкерлеріне көмектеседі

Үш жыл бұрын облыстық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған«Жас сақшы» еріктілер тобы да бірнеше бағытта жұмыс істейді. Негізгі бағыты — полиция қызметкерлерінің жұмысына көмектесу.

Үш жылдыққа орай облыстық жастар ресурстық орталығы «Жас сақшы» тобының еріктілеріне полиция қызметкерлерімен рейдке шығуға болатынын растайтын куәлік беріпті.

— Қазіргі таңда полиция қызметкерлерімен бірге құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатындағы іс-шараларға, әсіресе күндізгі, түнгі рейдтерге шығып тұрамыз. Жақында «Мектепке жол» айлық акциясы аясында жалғызбасты ананың қызынмектепке дайындадық. Оқу құралдарын сатып әпердік, — дейді «Тарлан» колледжінің 3-курс оқушысы Кәмшат Молдағалиева.

Жақсылық жасап жарысады

«Қазақстан студенттерінің альянсы» барлық студенттерді жақсылық жасап жарысуға шақырады.

Жақында аталған студенттер қозғалысының еріктілері шағын футболдан қайырымдылық турнирін өткізді.

— Университеттегі бір ұстазымыздың денсаулық жағдайына алаңдаған біз жайбарақат отыра алмадық. Сосын осындай шешімге келіп, турнир ұйымдастырдық. Турнирге 8 команда қатысты. Әр команда жарысқа қатысу үшін 10 мың теңге жарна төледі. №6 орта мектепттің спорт залында өткен турнирдің жеңімпазы Жұбанов колледжінің командасы болды. Жүлделі орындарды «Нұр-ғасыр» командасы мен «Сәт» командасы бөлісті. Барша қатысқан командалар Алғыс хаттармен, жеңіске жеткен командалар кубок және дипломдармен  марапатталды, — дейді «Қазақстан студенттерінің альянсының» Ақтөбе облысы бойынша көшбасшысы Әмина Арманқызы.

Сондай-ақ Әмина еріктілер тобыныңбұнымен шектелмей, басқа да ізгілікті істердің басы-қасынан табылатынын айтты.

Әлеуметтік дүкен жұмыс жасап тұр

Ақтөбеде «Birgemiz» фронт-офис жанынан әлеуметтік дүкен жұмыс жасайды. Әлеуметтік дүкеннің негізгі мақсаты — тұрмысы төмен және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына қолдау көрсету, көмек қолын созу.

Аталған дүкеннің ашылғанына жарты жыл уақыт болды, осы уақыт ішінде әлеуметтік дүкеннің көмегіне 100-ге жуық отбасы жүгінді. Дүкен сөресінен киім-кешектен бастап тұрмыстық бұйымдарды да көруге болады.

Әлеуметтік дүкеннің жұмыс жасау механизмі өте оңай. Бұл жерде кез келген адам өзіне қажет емес заттарды, киім-кешектерді, тұрмыстық заттар мен балалардың ойыншықтарын, артық кітаптарды әкеліп, тапсыра алады. Өз кезегінде фронт-офис қызметкерлері келген барлық заттарды сұрыптап, тазалап әлеуметтік желілер арқылы жарнамалайды. Атына заты сай дүкен Әбілқайыр хан даңғылы, 68а мекенжайында орналасқан, жұмыс күндері сағат оннан кешкі бес жарымға дейін ашық болады.

— Әлеуметтік дүкеннің ашылғанына да алты айдай болып қалды. Осы уақыт ішінде қайырымды ақтөбеліктер киім-кешектер мен түрлі тұрмыстық заттарын әкеліп тапсырып жатыр. Біздер барлық заттарды реттестіріп, тұтынуға жарамдысын мұқтаж жандарға таратамыз. Заттарды алушылардың басым бөлігі — көпбалалы отбасылар. Дүкенге келушілерді тіркеп алып, мұқтаж отбасыларды әркез назарда ұстауға тырысамыз. Хабарласып, қолда бар заттарды қажеттіліктеріне қарай үлестіріп береміз. Кейде тіпті, еріктілер болып, қол көмегін де береміз,— дейді фронт-офис жетекшісі Нарқозы Қартжан.

Айта кетейік, бұл дүкен тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу мақсатында әлеуметтік тапсырыс негізінде ашылды. Ізгілікті істер алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

 

/aqtobegazeti.kz/