Суббота, Декабрь 4, 2021
Басты > Ел жаңалықтары > 64 мұғалім 2021 жылдың үздік педагогі атанды

64 мұғалім 2021 жылдың үздік педагогі атанды

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Үздік педагог-2021» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде 64 мектеп мұғалімі мен колледж оқытушылары үздік атанды. Биыл оныншы рет өтіп жатқан мерейтойлық рәсім аса көрнекті ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған байланысты іс-шара ұлы ағартушының туған жерінде өтті.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің үздік педагогтерін құттықтап, оларға төсбелгілер мен шамамен 3 млн теңге (1000 АЕК) көлемінде ақшалай сертификаттарды табыс етті.

«Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен құттықтаймын. Биылғы «Үздік педагог» байқауы ерекше. Біріншіден, байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып, ұлы ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келді. Байқауға қатысушылардан келіп түскен жұмыстардың саны көп болды. Өтінімдердің сапасы өте жоғары деңгейде болғандықтан, қазылар алқасына жеңімпаздарды таңдау қиынға соқты. Бұл елімізде кәсіби тұрғыда мықты педагогтердің қатары қалың екендігінің көрінісі деп білемін», – деді өзінің құттықтау сөзінде министр Асхат Аймағамбетов.

Министр пандемия кезіндегі қиындықтарға қарамастан, жаңа жағдайларға тез бейімделіп, оқу процесін жалғастыра алғаны үшін мұғалімдерге алғыс білдірді.

«Ең бастысы, елімізде пандемия кезінде білім беру процесі тоқтаған жоқ. Біз осы бір жарым жылдың ішінде балаларымызға да білім бере алдық. Бұл әріптестеріміздің зор еңбегі деп санаймын. Сіздерге ризашылығымды білдіре отырып, зор денсаулық, табыс, бақ-береке тілеймін», – деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, республикалық байқау комиссиясының құрамына қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар қоғамы мен «Атамекен» ҰКП өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өкілдері және тағы басқалар кірді. Мұғалімдер күні қарсаңындағы салтанатты шарада білім беру саласының ардагерлері мен еңбек сіңірген қызметкерлері «Еңбек ардагері» медалімен, «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.

/www.gov.kz/