Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әлемді ұстаздар өзгертеді

Әлемді ұстаздар өзгертеді

Жұбанов университетінде ұстаздардың құрметіне арналған мерекелік шара осылай аталды. Оқу ордамызда жыл сайын ұстаздардың төл мейрамына орай концерт өткізу дәстүрге айналған. Биыл да бұл игі іс жалғасын тапты.

Кеш басталмас бұрын жиналған қауым 1 минут үнсіздікпен індет кезінде өмірден өткен оқытушыларды еске алды.

Университет ректоры Лаура Қарабасова ұжымды құттықтап өтті.  «Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз. Сондықтан ұстаз мәртебесін көтеру Мемлекет басшысы саясатының басым бағыттарының бірі болып отыр. Соңғы жылдары «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы, мектеп мұғалімдерінің кәсіби-шығармашылық қызметпен айналысуға жағдай жасалуы, жалақының көтерілуі, педагогикалық мамандықтарға түсудің шекті балының көтерілуі, стипендия көлемінің өсуі мемлекетімізде жүзеге асырылып жатқан аса маңызды шаралардың тікелей нәтижесі.

Бүгін біздің университет ұжымы үшін ерекше күн. «Алты алаштың баласы бас қосса, төрден орын алатын» Ұстаз күнін атап өтіп отырмыз. Баршаңызды құттықтай отырып,  зор денсаулық, жақындарыңыздың амандығын, отбасыңыздың берекесін және кәсібіңізге адал еңбек етіп, жемісін көруді тілеймін», — деді университет басшысы сөзінде. Ол сонымен бірге Жұбанов университетінің қалыптасуы мен дамуына байланысты ұлы ұстаздардың есімдерін атап өтіп, бүгінгі таңда ЖОО-да еңбек етіп жатқан оқытушыларға алғысын білдірді.

Кеште Лаура Шапайқызы   білім беру саласының үздік қызметкерлерін салтанатты түрде марапаттады. Олардың ішінде  құрылымдық бөлімшелердің басшылары, оқытушылар, кітапхана және департамент қызметкерлері бар. Осыдан кейін оқу ордамыздың басшысы бастаған бір топ студенттер залда жиналғандарға гүл шоқтарын сыйға тартты.

Мерекелік шара кезінде «Жеті өнер» балалар студиясы, физика-математика факультетінің ұстаздары, студенттердің орындауында   ұстаздарға арналған керемет әндер шырқалды. Әр ұлттың билерінен попурри орындалды. Студенттер болашақтың білімі, шығармашылық педагогтың ойлары туралы  қызықты көріністер көрсетті.